Бүгін Қызылорда өңіріндегі Қармақшы ауданының Иіркөл, Жосалы, Қармақшы ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтуде. Мұнда дауыс беруге ниетті 1264 сайлаушы тіркелген.

Таңсәріден бері дауыс беруге асыққан азаматтардың ішінде отбасымен бірге келген сайлаушылардың үлесі басым болды.
Олардың қатарында ауыл тұрғыны Қайрат Досбаев та бар. Ол №101 сайлау учаскесіне отбасын ерте келіп, өз таңдауын жасады.

– Әрбір сайлау біздің отбасы үшін маңызды. Балаларымды сайлауға ерте баруды әдетке айналдырдым. Себебі балалар жастайынан елдік істен қалыс қалмай, әрбір дауыстың маңызды екенін сезінуі керек. Бүгін міне, ауылымызға жанашыр, туған жерін дамытуға ниетті азамат үшін дауыс бердім,-дейді Қайрат Досбаев.

Айта кетейік, әкімдер 4 жыл мерзімге сайланады. 3 ауылдық округ бойынша әкім болуға үмітті 9 кандидат бақ сынауда. Оның басым бөлігі сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен түсуде.

 Дауыс беру күні учаскелер кешкі 20.00-ге дейін сайлаушыларға қызмет көрсетеді.

БӨЛІСУ