Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада Өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу басталады.
Бұл жөнінде ӨКҚ брифингінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев пен Қызылорда облысының әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бәкіров айтып өтті.
Жобаның негізгі мақсаты — жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Департамент басшысы Е.Мендалиев резервтің іріктеу кезеңдеріне тоқталып өтті. Атап айтқанда:
БІРІНШІ КЕЗЕҢ-ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ (1-31 наурыз)
Құжаттарды қабылдау өңірлік резервке іріктеу бойынша (onir.pkrezerv.gov.kz) онлайн-платформада кандидатты тіркеу арқылы жүргізіледі. Тіркелген кандидаттардың жеке кабинетіне кіру логин және пароль бойынша жүзеге асырылады.
ЕКІНШІ КЕЗЕҢ — ЗАҢНАМАНЫ БІЛУГЕ ЖӘНЕ ЖЕКЕ ҚАСИЕТТЕРІН БАҒАЛАУҒА ТЕСТІЛЕУ (5-14 сәуір)
Бұл кезең кандидаттардың заңнаманы білуін анықтауға және олардың жеке қасиеттерін бағалауға мүмкіндік беретін екі тестілеу блогынан тұрады:
1) заңнаманы білуге тестілеу;
2) жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу.
ҮШІНШІ КЕЗЕҢ – «ҚҰЗЫРЕТТЕРДІ БАҒАЛАУ» (22 сәуір-7 маусым)
Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерді (белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік) анықтауға және бағалауға бағытталып, топтық және жеке жаттығуларды қамтиды, олардың барысында кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды.
ТӨРТІНШІ КЕЗЕҢ – «КОМИССИЯДАҒЫ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ СҰХБАТ» (16-15 маусым)
Сұхбат кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаның презентациялау форматында жүргізіледі.
Презентация Word форматында қысқаша түсіндірмесі бар PDF форматына түрлендірілген 5 слайдтан болуы керек.
БЕСІНШІ КЕЗЕҢ – «КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ» (17 маусым)
Комиссия кандидаттарды Өңірлік резервке қабылдау туралы ұсынымдар шығарады.
Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады.
Іріктеуге:
— 35 жастан аспаған;
— жоғары білімді;
— 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Қызылорда облысының әкімі аппараты басшысының м.а. Ерлан Бәкіров Облыстық кадр комиссиясының құрамымен және жұмысымен таныстырып өтті. Сонымен қатар, іріктеуге қатысушылардың салалық бағыттарын атап көрсетті.
Іріктеуді Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Кадр комиссиясы жүзеге асырады.
Іріктеу келесі бағыттар аясында жүзеге асырылатын болады:
1) индустрия және өнеркәсіп;
2) экономика және қаржы;
3) әлеуметтік сала;
4) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;
5) агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;
6) цифрландыру;
7) экология.
Әрбір кезеңнің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында орналастырылатын болады.
Сондай-ақ кандидаттар іріктеуден өту тілін таңдап, әр кезеңнің өту күні мен уақытын таңдай алады.
Өңірлік резервте болу мерзімі — 2 жыл.
Брифинг соңында спикерлер БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.