Қызылорда облысының Оңтүстік Кореямен байланысы соңғы жылдары дәстүрлі сауда қатынастарынан технология, білім және өндіріс бағыттарын қамтитын стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріліп келеді. Бұл бағыт өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндірістер ашуға және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін маңызды факторға айналуда.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен жиында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және кореялық технологияларды өңір экономикасына тарту мәселелері талқыланды. Бұл ретте Қызылорда үшін басты міндет – сыртқы байланыстарды нақты экономикалық нәтижеге айналдыру.

Өткен жылы Қызылорда облысы мен Корея Республикасы арасындағы тауар айналымы 1,2 млн АҚШ долларына жетіп, өсім динамикасы байқалды. Әрине, бұл көрсеткіш өңірдің жалпы экономикалық әлеуетімен салыстырғанда аса жоғары емес. Алайда оның маңыздылығы – екіжақты экономикалық байланыстың тұрақты сипат алып, жаңа бағыттарға жол ашуында.

Ынтымақтастықтың ең маңызды нәтижелерінің бірі білім беру саласынан көрініп отыр. Мемлекет басшысының шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын Қазақстанда ашу жөніндегі тапсырмасы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Оңтүстік Кореяның SeoulTech университетінің Жасанды интеллект мектебі ашылды.

Бүгінде еліміздегі алғашқы жасанды интеллект мектебінде 225 студент білім алуда. Алдағы оқу жылында тағы 128 студент қабылдау жоспарланған. Бұл – жай ғана білім беру жобасы емес, өңірдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам. Себебі алдағы жылдары экономикаға инвестиция тартумен қатар, сол инвестицияны технологиялық тұрғыда қамтамасыз ететін білікті мамандарға сұраныс арта түсетіні анық.

Кореялық тәжірибенің тағы бір маңызды қыры – өндірісті технологиялық жаңғырту. Қазіргі таңда кореялық компаниялармен шикізат өндірісін ұлғайту, витражды терезе өндірісін іске қосу және сауда-логистикалық орталық құру жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобалардың Қорқыт Ата арнайы экономикалық аймағында орналасуы өңірдің инвестициялық мүмкіндігін тиімді пайдалануға жол ашады.

Аталған бастамалардың әрқайсысы өңір экономикасына өзіндік үлес қоса алады. Өндіріс орындарының ашылуы жаңа жұмыс орындарын қалыптастырса, логистикалық орталық сауда айналымын жандандыруға мүмкіндік береді. Ал технологиялық жобалар жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Бұл жерде Оңтүстік Кореяның тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады. Бір кездері аграрлық экономикадан жоғары технологиялы өндіріс пен инновацияға бет бұрған Корея бүгінде әлемдік технологиялық көшбасшылардың біріне айналды. Сондықтан кореялық серіктестік үшін маңызды мәселе тек инвестиция көлемі емес, сол инвестициямен бірге келетін технология, басқару тәжірибесі және адам капиталы болуы тиіс.

Қызылорда үшін қазіргі кезеңдегі басты міндет – инвестиция тартудың сандық көрсеткішінен сапалық нәтижеге көшу. Яғни жаңа жобалардың нақты жұмыс орындарын ашуы, жергілікті кадрларды даярлауы, өнім өндіру көлемін арттыруы және өңірдің сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік беруі маңызды.

Оңтүстік Кореямен қалыптасып келе жатқан әріптестік осы талаптарға жауап бере алатын бағыттардың бірі. Білім, жасанды интеллект, өндіріс және логистика салаларындағы бірлескен жобалар жүйелі түрде жүзеге асқан жағдайда, бұл байланыс Қызылорда экономикасының жаңа технологиялық кезеңге өтуіне серпін беруі мүмкін.

Сондықтан бүгінгі ынтымақтастықты жай ғана екі ел арасындағы байланыс деп бағалау аздық етеді. Бұл – өңірдің инвестициялық келбетін жаңартып, адами капиталын күшейтіп, өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді серіктестіктің бастамасы.

БӨЛІСУ