Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өтіп жатқан бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар кезекті мәрте жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына алтын медаль салды.

19 жасқа дейінгі қыздар арасында сынға түскен Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы №18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Зарина Толыбай финалда Үндістан өкілі Пречи Токаспен қолғап түйістірді. Тартысқа толы өткен шешуші кездесуде қазақстандық боксшы қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, Азия чемпионы атанды.

Бұл жеңіс – спортшының қажырлы еңбегі мен жаттықтырушылардың жүйелі дайындығының жемісі. Сонымен қатар, Қазалы өңірінде бокстың қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін тағы бір жарқын жетістік болды.

Зарина Толыбайды Азия чемпионатындағы тарихи жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз. Ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшыға алдағы халықаралық додаларда да жеңіс тұғырынан көрініп, көк Туымызды әлемдік ареналарда биікке көтере беруіне тілектеспіз.

БӨЛІСУ