Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бақытжан Сапиевтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірлердегі туристік инфрақұрылымды дамыту және экологиялық бастамаларды іске асыру барысы қаралды. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы, туристік дестинацияларды дамыту, мемлекеттік орман қорына 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ экопарктер құру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты.

Кеңесте өңірдегі туризм саласының даму көрсеткіштері де назардан тыс қалмады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес аймаққа келген туристер саны 212 мыңнан асып, 25,4 пайызға артқан. Ал туристік қызмет көрсету көлемі 3 млрд 288 млн теңгеге жетіп, 42,8 пайыз өсім көрсеткен.

Туристер мен жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы мен «Қорқыт ата» әуежайында үш тілде ақпарат ұсынатын виртуалды карталар мен QR-кодтар орнатылған. Бұл келушілерге өңір туралы қажетті мәліметті жедел алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заманауи музей ашылып, демалыс парктері жаңғыртылды. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында адам көп шоғырланатын орындарға 15 бірлік «102» және SOS дабыл батырмалары орнатылған.

Өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында жаңа қонақ үйлер салу жұмыстары да қарқын алған. Атап айтқанда, бес және үш жұлдызды IBIS Qyzylorda мен Pana қонақ үйлері пайдалануға беріліп, аудандардағы теміржол вокзалдары кезең-кезеңімен жаңғыртылуда.

Туристендіру картасына енгізілген 13 нысан бойынша нақты шаралар қолға алынған. Соның бірі – Жосалы кентінен Марал баба кесенесіне дейінгі 6,5 шақырым жолдың жөнделуі. Сонымен бірге Байқоңыр қаласында зымыран ұшырылымын тамашалауға арналған 400 орындық заманауи киіз үй үлгісіндегі бақылау пункті ашылды.

Аймақтағы ірі жобалардың бірі – еліміздегі алғашқы «Арал геопаркі». Бұл бастама табиғи және геологиялық мұраны сақтау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету және геотуризмді дамытуға бағытталған.

Жиын қорытындысында туризм саласын одан әрі дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және экологиялық бастамаларды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

БӨЛІСУ