«Жаңа ғана сөз сөйлеген құрылтай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты. Құрылтайдың аясында пайдалы пікір алмасулар болды. Барлығы еліміздің дамуына қажетті боларына сенемін.

Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. 

Бұл Форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық.

Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. 

Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршын-кент қалаларының орны көне заманның өзінде  қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. 

Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім.  

Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды».

⚡️Мемлекет басшысы: 

«Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. 

Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі. 

Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші – Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді».

⚡️Президент: 

«Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. 

Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 

Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі. 

Облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. 

Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді. 

Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және темір жол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы ашылды.  

Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі».

⚡️Қасым-Жомарт Тоқаев: 

«Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп.   

Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды.

Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көп бейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. 

Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі».

⚡️Президент: 

«Өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны – бүкіл әлемге белгілі дерек.    

Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда.   

Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. 

Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. 

Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. 

Бірақ бұл – тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді.

Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. 

Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет».

⚡️Мемлекет басшысы: 

«Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. 

Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. 

Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет.  

Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. 

Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз».

⚡️Қасым-Жомарт Тоқаев: 

«Бүгінгі басқосуға Сыр елінің азаматтары қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және жастар бар. 

Осы орайда, жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өткім келеді.

Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін.  

Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады. Мысалы Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүремін.  

Сіздер осы аймақпен қатар, күллі еліміздің дамуына үлес қосып келесіздер».

⚡️Мемлекет басшысы: 

«Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. 

Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті.

Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал, жан басына шаққандағы үлесі Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш. 

Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. 

Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. 

Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. 

Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды».

t.me/aqorda_resmi

 

БӨЛІСУ