Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Креативті индустрияны дамыту қорының кеңсесін аралап, отандық шығармашылық сектордың әлеуетімен танысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған бұл қор бүгінде креативті экономиканы жүйелі түрде қолдаудың негізгі институтына айналып отыр. Президентке таныстырылған жаңа кеңістік шығармашыл жастардың, инвесторлар мен туристердің басын қосатын, идея мен өндіріс тоғысатын орта ретінде сипатталды.
Шоурум форматында жабдықталған кеңседе креативті өнім әзірлеудің толық циклі көрсетіліп, қарапайым идеяның нақты өнімге айналу кезеңдері айқын бейнеленген. Мемлекет басшысы зергерлік және ағаш шеберханаларын, музыка, кілем тоқу, бейнелеу өнері залдарын, сондай-ақ сән индустриясына арналған арнайы аймақтарды аралап көрді. Әсіресе Yurt Capsule жобасы ерекше назар аудартты. Бұл кеңістікте дәстүрлі киіз үй заманауи технологиялармен ұштастырылып, цифрлық өнер, мультимедиялық контент және мәдени сторителлинг бір арнаға тоғысқан.
Президентке сондай-ақ еліміздің ұлттық брендін қалыптастыру тұжырымдамасы таныстырылды. Бұл бастама мәдени мұраны жаңаша интерпретациялау арқылы креативті индустрияны дамытуға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және туристік әлеуетті арттыруға бағытталған.
Осы ретте Қызылорда облысы үшін де креативті индустрияны дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Сыр өңірі тарихи-мәдени мұраға бай, қолөнер, жыраулық дәстүр, ұлттық өнер кең тараған аймақ ретінде ерекшеленеді. Облыста кілем тоқу, ағаш және зергерлік бұйымдар жасау, ұлттық киім тігу секілді халықтық кәсіптерді жаңғыртуға мүмкіндік мол. Сонымен қатар, соңғы жылдары өңірде жастардың шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету, мәдени жобаларды жүзеге асыру, цифрлық контент жасау бағытында оң серпін байқалады.
Қызылордада ашылған өңірлік креативті хабтар жергілікті таланттарды біріктіріп, олардың идеяларын нақты жобаларға айналдыруға ықпал етуде. Мұндай алаңдар жас дизайнерлерге, суретшілерге, IT мамандарына және қолөнершілерге өз өнімдерін дамытуға, нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Әсіресе ұлттық нақыштағы өнімдерді заманауи форматта ұсыну арқылы өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға жол ашылуда.
Бұдан бөлек, Арал өңірінің экологиялық тақырыбы, Байқоңыр аймағының ғарыштық бренді, Сыр бойының тарихи орындары – креативті жобалар үшін бірегей контент көзі бола алады. Осы бағыттарды тиімді пайдалану арқылы Қызылорда облысы креативті экономикада өзіндік орнын қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жастарды қолдауға мүмкіндік алады.
Жалпы, елімізде креативті индустрияны дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар өңірлердің де дамуына серпін береді. Бұл өз кезегінде ұлттық мәдениетті жаңғыртып қана қоймай, экономиканың жаңа драйверлерін қалыптастыруға негіз болады.
