Қызылорда қаласында Чернобыль апаты құрбандарын еске алуға арналған тағылымы терең шара өтті. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтардың ерлігі ұлықталып, олардың есімі құрметпен аталды.

Жиын барысында қатысушылар апат құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етті. Шарада Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов сөз сөйлеп, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтардың жанқиярлық еңбегіне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде бұл ерлік – ел тарихында мәңгі сақталатын тағылым екенін атап өтті.

Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Әлиев пен қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмабек Шахатов ардагерлерге ізгі лебіздерін білдіріп, олардың ерлігі мен төзімділігі кейінгі ұрпақ үшін үлгі екенін жеткізді.

Шараға қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағамбетов Чернобыль апатының ардагерлері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар апат құрбандарының рухына құран бағыштап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Қызылорда қаласының Әскери техникалық мектебі, Аумақтық қорғаныс бригадасы 99215 және 5547 әскери бөлімдерінің қызметкерлері белсенді атсалысты. Бұл – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін азаматтардың да тарихи жады мен рухани құндылықтарға бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Аталған тағылымды шара – ерлік пен елдік рухты дәріптеудің, өткенге құрмет білдіріп, болашақ ұрпаққа өнеге қалдырудың жарқын көрінісі. Чернобыль апатының ауыр зардаптары адамзатқа бейбіт өмірдің, қауіпсіздік пен жауапкершіліктің маңызын тағы бір мәрте ұғындырады.

БӨЛІСУ