Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген мәжіліс өтті.
Мәжілісте аудан әкімі Нұржан Ахатов жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы хабарлама жасады. Аудан әкімі әлеуметтік саланы дамытуға, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізіліп, нәтижесінде аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасқанын жеткізді.
– Атап айтқанда, ауданымызда өнеркәсіп өнімдерін өндіру 102,1 пайызға артып, 21,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 102,9 пайызға артып, 8 млрд 549 млн теңгенің өнімдері өндірілген. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 9,5 млрд теңгені құрап, 2,5 есеге артты. Ал, 2023 жылдың 4 айында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 3 млрд 995 млн теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,5 пайызға артты. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жүру қарқыны 8,9 есеге артып, көлемі 1,2 млрд теңгеге орындалған.
Өздеріңізге хабардар еткендей 2023 жылғы аудан бюджеті 10 млрд 754 млн теңге болып бекітілген болатын. Дегенмен де бізді қуантатыны нақтыланған аудан бюджеті жыл басында бекітілген бюджетпен салыстырғанда 2 млрд 169 млн теңгеге ұлғайып, 12 млрд 923 млн теңгені құрап отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген кеңесте көтерген 8 бағытының ішіндегі қоғамдық саяси ахуалға әсер ететіні бағаны тұрақтандыру, инфляцияны тежеу шаралары болып отыр. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, тұрғындардың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында биыл жоспардан тыс 1520 гектар қосымша жер дайындалып, 1390 отбасына үлестіріліп, оның ішінде 400 гектар жерге тамшылатып суару арқылы егілу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында Өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес, аудан бойынша құны 3 млрд теңгені құрайтын 652 жоба әзірленіп, бүгінгі таңда құжаттары дайын 1,3 млрд теңгенің 318 жобасы ұсынылып отыр. Өткен жылдан бастап Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Жалпыұлттық жобалар аясында, биыл ауданда 24,8 млрд теңгенің 5 ірі инвестициялық жобалары іске асырылуда. Нәтижесінде, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін уақытша – 452 адам жұмысқа тартылып, жобалар толық іске қосылған кезде 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Сіздің жергілікті бюджет кірістерін толықтыру, жаңа өндіріс орындарын ашып, жұмыссыздықты азайту, қоғамдық саяси ахуалды тұрақтандыру жөніндегі тапсырмаларыңызға сәйкес, ауданның әлеуметтік – экономикалық даму бағытындағы тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жүзеге асырылады», – деді аудан басшысы.
