Жексенбі күні аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қарақұм беткейінде орналасқан елді мекендерге арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалмен және мал шаруашылығының жай-күйімен танысты. Сапар барысында Қожақазған, Аққұдық, Тапа, Шилі, Шәкен және Шөлқұм елді мекендері қамтылып, жергілікті тұрғындармен жүздесулер өтті.

Аталған аймақ ежелден мал шаруашылығына бейім өңір саналады. Бүгінде аудан бойынша 200 мыңнан астам төрт түлік мал тіркелсе, соның шамамен 60 пайызы немесе 120 мыңнан астамы Қарақұм беткейіне тиесілі. Қазіргі таңда бұл өңірде 235 шаруашылық мал өсірумен тұрақты түрде айналысып келеді. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасында аграрлық сектордың, оның ішінде мал шаруашылығының жетекші рөл атқаратынын айғақтайды.

Жұмыс сапары аясында аудан әкімі шаруалардың тұрмыс-тіршілігімен жақын танысып, мал бағу, қыстақ жағдайы, жем-шөп қоры және инфрақұрылым мәселелерін көзбен көрді. Сонымен қатар, тұрғындармен ашық диалог орнатып, олардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдады.

Кездесулер барысында көтерілген негізгі мәселелердің қатарында мал суаруға арналған су ұңғымаларын қазу қажеттілігі ерекше аталды. Шаруалардың айтуынша, кейбір жайылымдық жерлерде су тапшылығы байқалады, бұл мал басын көбейтуге және өнімділікті арттыруға кедергі келтіруде. Осыған байланысты жаңа ұңғымалар қазу және қолданыстағыларын қалпына келтіру мәселесі өзекті болып отыр.

Сонымен қатар, Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан шаруашылықтарда жабайы иттердің малға шабуылы жиілегені айтылды. Бұдан бөлек, қасқыр қаупі де шаруаларға айтарлықтай залал келтіруде. Мал шығынының алдын алу үшін бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу қажеттігі сөз болды.

Кездесу барысында тағы бір маңызды мәселе – алдағы кезеңде шегірткелердің көбею қаупі екені атап өтілді. Ауыл шаруашылығы мамандары зиянкестерге қарсы күрес шараларын алдын ала күшейтудің маңыздылығын жеткізді. Бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізу қажеттігіне назар аударылды.

Аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне жайылымдық жерлердегі су көздерін көбейту, ветеринариялық инспекция мен ветеринариялық станцияға мал қауіпсіздігін қамтамасыз ету және індеттердің алдын алу шараларын күшейту тапсырылды. Сондай-ақ, зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігі қадағаланды.

Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне және елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларына мал ұрлығының алдын алу бағытында профилактикалық шараларды күшейту міндеті қойылды. Бұл ретте тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, құқық бұзушылықтың алдын алу басты назарда болатыны айтылды.

Жалпы, аудан әкімінің бұл жұмыс сапары Қарақұм беткейіндегі елді мекендердің бүгінгі тыныс-тіршілігін бағамдауға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешудің нақты жолдарын айқындауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта берілген тапсырмалардың орындалуы кезең-кезеңімен бақылауға алынып, өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасын табатын болады.

БӨЛІСУ