Қазақстанда жаңадан құрылатын Халық Кеңесіне 2027 жылғы бюджет жобасында 1,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл ақпараттың өзі қоғамда сұрақ туғызуы заңды.
Бірақ бір нәрсені ажыратып алған жөн: 1,7 млрд теңге – Кеңестің 126 мүшесіне таратылатын жалақы емес. Қаржы вице-министрі бұл қаражаттың ішінде еңбекақымен бірге өңірлерге бару, халықпен кездесулер, сессиялар, форумдар, іссапарлар, қоғамдық тыңдаулар және басқа да ұйымдастырушылық шығындар бар екенін айтты. Ал Халық Кеңесінің өзі 126 адамнан құрылады: 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан, тағы 42-сі мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден ұсынылады.
Ең қызығы – журналистер «онда нақты жалақы қанша?» деп сұрағанда, вице-министр нақты соманы жарияламады. Оның айтуынша, бюджет қаражаты есебінен ұсталатын қызметкерлерге бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі қолданылады, ал нақты мәлімет қызметтік ақпаратқа жатады.
Демек, қоғамның қоятын ең орынды сұрағы – «1,7 млрд неге бөлінді?» ғана емес, «осы қаржының әр теңгесі қайда жұмсалады және оның нәтижесі қалай өлшенеді?»
Халықпен кездесулер, қоғамдық тыңдаулар өткізу – бір бөлек. Ал бюджеттен миллиард теңге бөлінген кез келген жаңа институттың ашық есебі мен нәтижесі қоғамға түсінікті болуы маңызды.