Спорт – медаль мен рекордтың ғана өлшемі емес. Ол – елдің рухын көтеретін, жастарды тәртіп пен табандылыққа тәрбиелейтін, өңірдің әлеуетін танытатын маңызды сала. Соңғы жылдары Қызылорда облысында спортқа жасалған инвестиция мен жүйелі қолдау нақты нәтижеге ұласып, Сыр спортшыларының республикалық және халықаралық аренадағы беделі артып келеді.
Спорт күніне орай «Құзыреттілік орталығында» өткен салтанатты шарада осы бағыттағы жұмыстар қорытындыланып, ел мерейін үстем етіп жүрген спортшылар мен сала мамандарына құрмет көрсетілді. Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен спорт ардагерлері қатысты.
Аймақ басшысы спорттың қоғамдағы орнын айрықша атап өтіп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың негізгі мақсаты – тек жоғары жетістіктер спортын дамыту емес, халықты бұқаралық спортқа кеңінен тарту екенін айтты.
Медаль – маңдай тердің нәтижесі
Сыр спортындағы оң динамиканы нақты көрсеткіштерден аңғаруға болады. Жыл басынан бері облыс спортшылары Әлем және Азия чемпионаттарында 31 алтын, 16 күміс, 22 қола медаль иеленген. Ал ел чемпионаттары мен біріншіліктерінде 120 алтын, 100 күміс, 162 қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұл сандардың ар жағында күн сайынғы жаттығу, тәртіп, бәсекеге қабілеттілік пен спортшының ғана емес, бапкердің де тынымсыз еңбегі тұр.
Халықаралық аренадағы соңғы жетістіктердің бірі – Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен отырып ойнайтын волейболдан Әлем чемпионатындағы ұлттық құраманың қола жүлдесі. Құрама сапында өнер көрсеткен сырбойылықтар Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Ерасыл Әбдібек ел намысын абыроймен қорғады. Әсіресе Шыңғыс Медеуовтің чемпионаттың «Үздік ойыншысы» атануы – Сыр спорт мектебінің әлеуетін көрсететін айтулы нәтиже.
Грек-рим күресінен Дортмундта өткен халықаралық турнирде Айдос Сұлтанғалидың жеңісі де спорт жанкүйерлерін қуантты. Ал «Қайсардың» Қазақстан Кубогының жартылай финалында «Жеңісті» жеңіп, финалға шығуы – өңірдегі футболдың да жаңа белеске көтеріліп келе жатқанын аңғартады.
Спортқа салынған қаржы – болашаққа салынған инвестиция
Жоғары жетістіктер өздігінен келмейді. Оған сапалы спорт инфрақұрылымы, кәсіби бапкерлер, тұрақты қаржыландыру және жас спортшыларға жасалған жағдай қажет.
Соңғы төрт жылда Сыр өңірінде Президент пен Үкіметтің қолдауы, сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамалары нәтижесінде 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы, Теннис және Инклюзивті спорт орталықтары, сондай-ақ 24 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді.
«Kaysar Arena» стадионының УЕФА-ның 4-санатты мәртебесіне ие болуы – Қызылорда футболы үшін маңызды жетістік. Бұл нысан енді республикалық деңгейдегі ғана емес, халықаралық футбол ойындарын өткізуге мүмкіндік береді.
Ал облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан, аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені өңірдің спорттық инфрақұрылымын одан әрі толықтырмақ. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Бұқаралық спорт – басты көрсеткіш
Спорт саласының дамуын тек чемпиондар санымен бағалау жеткіліксіз. Өйткені бұқаралық спортпен айналысатын халықтың көбеюі – қоғамның денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор.
Бүгінде облыста 388 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Ал спорт резервін қалыптастырып, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлайтын 33 спорт мектебінде 22 мыңнан астам бала кәсіби бағытта тәрбиеленуде.
Бұл – спорттың Сыр өңірінде жеке сала ретінде ғана емес, жастар саясатының, әлеуметтік саясаттың және қоғамдық өмірдің маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді.
Салтанатты шарада әлем чемпионатының қола жүлдегерлері – ұлттық құрама сапындағы Сыр спортшыларына 1 млн теңгелік қаржылай сертификат табысталды. Сонымен бірге спорт саласының дамуына үлес қосқан азаматтар облыс пен Туризм және спорт министрлігінің марапаттарына ие болды.
Бүгінгі жеңіс – ертеңгі буынға аманат. Сыр спортындағы жаңа нысандар мен чемпиондардың жетістігі бір-бірімен сабақтас. Себебі заманауи спорт кешенінде жаттыққан бүгінгі жас – ертең көк Туды әлемдік аренада желбіретер чемпион.
Сондықтан Сырдағы спорттың басты жетістігі – медаль саны ғана емес, спортты өмір салтына айналдырып келе жатқан мыңдаған жастың қалыптасуы. Ал бұл – өңірдің ең маңызды жеңістерінің бірі.