КҮЗГІ ЖИЫН-ТЕРІМГЕ ДАЙЫНДЫҚ: ЕГІН КӨЛЕМІ ӘРТАРАПТАНДЫРЫЛЫП, СУ ЖАҒДАЙЫ БАҚЫЛАУДА

Қызылорда облысында биылғы егін науқанын қорытындылауға емес, еңбектің нәтижесін таразылап, күзгі жиын-терімге тыңғылықты дайындалуға басымдық беріліп отыр. Аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымын өзгерту арқылы суға тәуелділікті азайту және өнім көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте күзгі егін жинау науқанына дайындық мәселесі қаралып, жауапты сала өкілдеріне нақты міндеттер жүктелді. Аймақ басшысы ең алдымен егін көлемін әртараптандыруды сапалы жүргізіп, жиын-терім жұмыстарына қажетті техникалық және ұйымдастырушылық дайындықты күшейтуді тапсырды.

Биыл облыста 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 89,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,1 мың гектарға майлы дақылдар, 73,2 мың гектарға мал азықтық дақылдар орналастырылған. Ал картоп, көкөніс және бақша дақылдарының үлесі 16,8 мың гектарды құрайды.

Егін құрылымындағы басты өзгерістің бірі – күріш алқабының қысқаруы. Әртараптандыру талабына сәйкес күріш көлемі өткен кезеңмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға азайып, 70 мың гектарды құрады. Бұл – өңірдегі су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығын жаңа талаптарға бейімдеудің маңызды қадамы.

Қазіргі таңда күріш алқаптарында агротехникалық жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. 59,9 мың гектар күріш үстеп қоректендірілсе, 62,3 мың гектар алқап арамшөптерге қарсы химиялық өңдеуден өткен. 70 мың гектар күріштің 15 мың гектарының суы байланған.

Сонымен бірге дәндік жүгері егістігі де назарда. Жоспарланған 10 557 гектардың барлығы егіліп, қазір күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Күздік және жаздық бидай, сұлы жинау толық аяқталған. Көкөніс, бақша және өзге де дақылдарды жинау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.

Ендігі маңызды міндет – мол өнімді ысырапсыз жинап алу. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы, жанар-жағармай қоры, еңбек қауіпсіздігі және жиын-терім мерзімдерінің сақталуы айрықша мәнге ие. Себебі егістіктегі бірнеше айлық еңбектің нәтижесі дәл осы кезеңде таразыланады.

Егін науқанының табысты өтуі тек өнім көлеміне емес, ұйымдастыру сапасына да байланысты. Сондықтан облыс басшысы күзгі жиын-терім кезіндегі техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Су – егіннің негізгі тірегі

Жиында Сырдария өзеніндегі су жағдайы да талқыланды. Қазіргі таңда Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 112,7 текше метр су түсіп жатыр. Қоймадағы су көлемі 2,1 млрд текше метрге жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд 907 млн текше метрге артық.

Ал Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 450 текше метр су жіберілуде. Көксарай су реттегішіндегі жинақталған су көлемі 22,78 млн текше метр болып отыр.

Су көлемінің былтырғыдан жоғары болуы – егін шаруашылығы үшін оң көрсеткіш. Дегенмен Сыр өңірі үшін су мәселесі жыл сайын стратегиялық маңызын жоғалтпайды. Сондықтан егін көлемін әртараптандыру, суды үнемді пайдалану және су ресурстарын тиімді басқару – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының басты шарттарының бірі.

Биылғы науқан осы тұрғыдан алғанда тек өнім жинау кезеңі емес, Сырдың ауыл шаруашылығын жаңа жағдайға бейімдеудің тағы бір маңызды сынағы болмақ.

БӨЛІСУ