Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – адам өміріне аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Сондықтан әрбір тұрғынның сақтық шараларын қатаң сақтауы өте маңызды.
Бүгінде облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қолайсыз деп танылған 74 елді мекен тіркелген. Қазіргі таңда осы елді мекендерде кенеге қарсы залалсыздандыру, яғни дезинсекция жұмыстары жүргізілуде. Мамандар аурудың таралуына жол бермеу үшін елді мекендер мен мал қораларына арнайы дәрілеу жұмыстарын атқаруда.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы көбіне кене шағу арқылы таралады. Ауру малдан адамға да жұғу қаупі жоғары. Сондықтан бұл мәселе тек ветеринария саласының емес, барша тұрғындардың ортақ жауапкершілігін талап етеді.
Мамандардың айтуынша, залалсыздандыру жұмыстарының нәтижелі болуы ең алдымен қора-қопсының тазалығына байланысты. Осыған орай тұрғындарға мал қораларындағы көң-қиды уақытылы шығарып, механикалық-санитариялық тазалау жұмыстарын тұрақты жүргізу қажет екені ескертіледі. Егер қора маңы лас болса, кененің көбейу қаупі артады әрі жүргізілген дәрілеу жұмыстарының тиімділігі төмендейді.
Әсіресе көктем мен күз мезгілінде кенелердің белсенділігі күшейеді. Сондықтан дәл осы кезеңдерде кенеге қарсы дезинсекция жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Бұл – аса қауіпті індеттің алдын алудағы маңызды шаралардың бірі.
Сонымен қатар, ветеринариялық мамандар үй жағдайында ұстайтын төрт түлік малды арнайы паразиттерге қарсы препараттармен өңдеуге кеңес береді. Атап айтқанда, ішкі және сыртқы паразиттерді қатар жоятын ветеринариялық дәрілерді – ивен, айвен, ивермек және басқа да препараттарды пайдалану өте тиімді. Бұл малдың саулығын сақтап қана қоймай, адам денсаулығын қорғауға да септігін тигізеді.
Ұсақ малдарды көктем мезгілінде тоғыту жұмыстарын міндетті түрде ветеринариялық мамандардың қатысуымен жүргізу қажет. Себебі мамандардың бақылауымен жасалған өңдеу жұмыстары ғана қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
Құрметті ағайын!
Кене – көзге кішкентай ғана жәндік болғанымен, оның әкелетін зардабы өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауласын, қора-жайын таза ұстап, малдарды уақытылы дәрілетіп, қауіпсіздік шараларына бейжай қарамағаны жөн.
Денсаулық – ең үлкен байлық.
Аурудың алдын алу – өз қолымызда!