Мұнай-газ саласы еліміздің экономикасында өзіндік ролі бар. Сол себепті қыркүйек айының бірінші жексенбісі – мұнай-газ саласы қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Осы атаулы күнге орай, бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансат мұнай-газ саласындағы алдағы атқарылатын жұмыстар туралы баяндады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту» басты міндеттердің бірі. Осы ретте, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кешенді жоспар әзірленді. Жоспар аясында, республикалық бюджет есебінен Шу-Сарысу, Арал және Сырдария бассейндерінде геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Одан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Торғай-Палеозой» кен орнында тереңдігі 5 500 метр болатын ұңғыманы бұрғылауды биыл бастайды. Сарқылған мұнай-газ кен орындарын игеруде оң тәжірибесі бар жоғары технологияларды қолданатын шетелдік «Gepetto» компаниясын тарту бойынша жұмыстар басталды. Сарқылған мұнай-газ кен орындарын игеруде оң тәжірибесі бар жоғары технологияларды қолданатын шетелдік «Gepetto» компаниясын тарту бойынша жұмыстар басталды, – деді Исатай Сәбиұлы.
Сондай-ақ, Сыр бойында «қара алтын» өндіруде өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, алдыңғы шептегі ірі компания «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның Вице-президенті Болат Көшербаев сала мамандарын мерекесімен құттықтады.
– Бүгінге дейін бізде 83 миллион тонна мұнай өндірілді. Қазіргі таңда, жұмысшылардың 98 пайызы жергілікті тұрғындар. Мереке қарсаңында жұмысшыларды қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп, қаржылай сыйақылар, жолдама табысталды. Жұмысшылардың басым бөлігі жастар болғаннан кейін спорттық сайыстар жиі өткізіледі. Айына бір-екі рет футбол, волейбол, теннис секілді спорттық сайыстармен қатар, дәстүрлі түрде өзара спартакида ұйымдастырылады. Барша мұнайшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін,– деді Болат Елеуұлы.