Биыл Қызылорда облысы көлемінде аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, өңірде аса қауіпті деп танылатын 13 түрлі жұқпалы ауруға қарсы республикалық бюджет есебінен 6244,7 мың доза ветеринариялық препарат жеткізіліп, облыс аумағындағы барлық елді мекендерге кезең-кезеңімен таратылды.

Жергілікті жерлерде ветеринариялық қызмет мамандары тарапынан алдын алу шаралары үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Мал басын егу, диагностикалық тексерулер жүргізу, індет ошақтарының алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осындай кешенді шаралардың нәтижесінде өңірде Аусыл ауруына қарсы вакцинация толық жүргізіліп, облыстың «аусылдан таза аймақ» мәртебесін сақтау мүмкін болды.

Сонымен қатар, энзоотиялық аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 6 түрлі энзоотиялық ауруға қарсы қажетті 841,2 мың доза ветеринариялық препарат сатып алынып, тиісті орындарға жеткізілді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы жануарларының саулығын сақтауға және індеттердің таралу қаупін төмендетуге ықпал етуде.

Қазіргі таңда облыс бойынша 8 ветеринариялық станция мен 139 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Бұл мекемелерде барлығы 820 білікті маман еңбек етуде. Олардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігінің арқасында төрт түлік арасында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмей, өңірде эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр.

Жалпы, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуының негізгі кепілі. Осы бағытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор мүмкіндік беріп отыр.

БӨЛІСУ