Бүгін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйі сахнасында жерлесіміз, ақын, жырау Айдос Рахметовтың «Жыр нөсер» атты отбасылық шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті. Рухани кешке өнерсүйер қауым көптеп жиналып, ұлттық өнердің қадір-қасиетін тағы бір мәрте сезінді.
Кешке аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Ол өз сөзінде Сыр өңірінің ежелден жыраулық дәстүрдің алтын бесігі екенін атап өтіп, Жалағаш топырағынан шыққан таланттардың ұлттық өнерді ұлықтаудағы орнын ерекше тілге тиек етті. Сонымен қатар, Айдос Рахметовтың шығармашылық жолына тоқталып, оның айтыс аламанында, жыр додаларында талай мәрте топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүргенін жеткізді.
Шығармашылық кеш барысында ақын отбасымен бірге сахна төріне шығып, өзінің жүрек тербеген туындыларын ұсынды. Халыққа кеңінен танымал жыр-термелер мен толғаулар орындалып, әрбір шығарма көрерменнің көңіліне жол тапты. Жыр мен терменің үйлесімі, дәстүрлі өнердің терең мазмұны кештің мазмұнын байыта түсті.
Кешке жиналған көрермен қауым әрбір туындыны ерекше ықыласпен қабылдап, жыраудың өнеріне зор құрмет көрсетті. Рухани кеш ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттырып, жас ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды шара ретінде есте қалды.
Мұндай кештер – төл өнерімізді насихаттап, жыраулық дәстүрдің үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына жол ашатын маңызды мәдени бастамалардың бірі.
