Арал геопаркі: ЮНЕСКО бағалауы – Сыр өңірі үшін тарихи мүмкіндік.

Арал өңірі тағы бір маңызды халықаралық кезеңнің табалдырығында тұр. ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісінің халықаралық сарапшыларының Қызылорда облысына арнайы келіп, «Арал геопаркін» бағалау жұмыстарын бастауы – жай ғана техникалық рәсім емес. Бұл өңірдің табиғи, ғылыми және туристік әлеуетіне әлемдік деңгейде берілетін кәсіби баға.

Көпшілік геопарк ұғымын тек табиғат ескерткіштерімен байланыстырады. Алайда ЮНЕСКО-ның жаһандық геопаркі – геологиялық мұраны сақтай отырып, сол аумақтың экономикасын дамытуға, халықтың тұрмысын жақсартуға, ғылым мен білімді ілгерілетуге бағытталған кешенді даму моделі. Сондықтан «Арал геопаркі» жобасының мәні тек мәртебе алумен шектелмейді.

Арал теңізінің тағдыры әлемге белгілі. Бір кездері адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі ретінде аталған өңір бүгінде қайта жаңғыру кезеңіне қадам басуда. Соңғы жылдары Солтүстік Аралды қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар оң нәтиже беріп келеді. Ендігі мақсат – осы өзгерістерді халықаралық деңгейде мойындатып, тұрақты дамудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Арал мәселесіне ерекше көңіл бөлуі маңызды рөл атқарып отыр. Президенттің тапсырмасымен өңірді экологиялық қалпына келтірумен қатар, оның ғылыми және туристік әлеуетін дамытуға басымдық берілуде. Геопарк бастамасы – осы саясаттың нақты жалғасы.

Облыс әкімдігі бірнеше жыл бойы жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізді. Геопарк аумағы зерттеліп, туристік бағыттар әзірленді, халықаралық талаптарға сәйкес құжаттар дайындалды. Өткен жылдың қарашасында ЮНЕСКО-ға ресми өтінімнің жолдануы – осы еңбектің нәтижесі. Ал бүгінгі сарапшылар миссиясы сол жұмыстың шешуші кезеңі саналады.

ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне кіру оңай емес. Қазіргі таңда әлемнің 51 елінде небәрі 241 геопарк бар. Биыл тағы 14 өтінім қаралуда. Бұл халықаралық талаптардың өте жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан сарапшылардың бағалауы Қазақстан үшін де, Қызылорда облысы үшін де үлкен жауапкершілік жүктейді.

Егер «Арал геопаркі» оң қорытынды алса, Қазақстан ЮНЕСКО мойындаған алғашқы жаһандық геопаркке ие болады. Бұл еліміздің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, өңір экономикасына нақты әсер етеді. Туристер саны көбейеді, ғылыми экспедициялар жиілейді, халықаралық гранттар мен инвестиция тартуға мүмкіндік ашылады. Ең бастысы – жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары пайда болып, шағын және орта бизнеске серпін беріледі.

Бүгінде әлемдік тәжірибе геопарктердің тек табиғатты қорғаумен айналыспайтынын дәлелдеп отыр. Олар жергілікті кәсіпкерлікті дамытып, ұлттық мәдениетті насихаттап, жастардың ғылымға қызығушылығын арттырады. Сондықтан Арал геопаркі де экология, туризм, ғылым және экономиканы тоғыстыратын маңызды жобаға айналуы әбден мүмкін.

Сарапшылардың бағалау қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады. Бірақ бүгіннің өзінде Арал өңірінің әлемдік деңгейдегі табиғи және тарихи мұрасын таныту бағытындағы жұмыстар жаңа кезеңге көтерілгені анық. Ал егер халықаралық мәртебе берілсе, бұл тек Қызылорда облысының ғана емес, тұтас Қазақстанның табиғи мұрасын әлемге танытатын маңызды тарихи жетістік болмақ.

БӨЛІСУ