Қазақстан нарығында төсек-орын жабдықтарын шығаратын фабрикалардың брендтері сан алуан. Кез келген адам қалтасына, талғамына қарай таңдап жүріп керегін таба алады.
Ал қызылордалық «Нұрай текстиль» брендінің бұйымдары тамаша сапасы, ерекше ою-өрнектерімен тұтынушылар көңілінен шықты. Төлешбекова Гүлвира Сағатбекқызы – төсек-орын жабдықтарын өндіру саласында жаңа технологияларды қолданатын өндірушілердің бірі. Ол кәсіпкерлікке 2014 жылы зергерлік бұйымдар сату арқылы келді. 2022 жылы кәсібін кеңейту туралы шешім қабылдап, өзі өндіруші болуды көздеп, жанында сауда үйі бар цех ашты.
Ол үшін «Қазақстан Халық Банкінен» жылына 21,75%-бен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында оның 5%-ын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. Сонымен қатар, Қордың кепілдігі берілді.
Несие қаражатына өндіріске қажетті шикізат пен заманауи тігін жабдықтарын сатып алды. Жұмыс істеген 1 жыл ішінде «Нұрай текстиль» тоқыма нарығында берік орын тауып, өнім түрлерін арттырып келеді. Цехта төсек-орын, әйелдер мен ерлерге арналған халаттар, сүлгі, төсек жапқыш, көрпе-жастық, жаялық, жастық қап, сейсеп, матрацтар шығады. Сондай-ақ қыз жасауы мен т.б. бұйымдар да экологиялық және табиғи материалдардан жасалады.