Қызылордалық полицейлер кәсіби мерекесін атап өтті.
Күні-түні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, қылмыспен күресуден талмайтын полиция қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтуде. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты мамандықты таңдаған екі мыңнан астам азамат бүгінде Сыр өңірі халқының тыныштығын күзетуде.
Қазақстан полициясы күні – ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына, осы қызметтің қалыптасуының басы-қасында болған ардагерлерге алғыс білдіру күні. Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен айбынды полиция қызметкерлеріне құрмет көрсету күні болып саналады.
Бүгін міне қырағы сақшылардың кәсіби мерекесіне орай Қызылорда облысының Полиция департаментінде салтанатты шара өтті.
Салтанатты шара полиция департаментінің ауласында орналасқан обелискіге гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқандардың құрметіне бір сәттік үнсіздік жарияланды. Осылайша департамент қызметкерлері тұрғындардың тыныштығын күзету жолында жанын қиған батырларды еске алды.
Сонымен қатар, шара қонақтары мен ардагерлер үшін тәртіп сақшылары арнайы көрме ұйымдастырды. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері полиция департаментінің теңгеріміндегі қару – жарақтар, оқ – дәрі және арнайы құрылғыларды таныстырды. Қызығынан гөрі қиындығы басым мамандықты таңдап, батылдылық пен табындылықты бойына сіңірген, адалдық пен әділеттілікті ту етіп ұстаған тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған шара барысында Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Ахметжанов Марат Мұратұлының мерекелік құттықтау хаты оқылды.
Министрдің бұйрығымен кезектен тыс арнайы атаққа лайықтыларды марапаттап, қызметте жоғары жетістіктерге жеткен мамандардың кеудесіне төсбелгілер тағылды. Одан бөлек, қоғамдық тәртіпті қадағалауға қажетті жұмыстарды ұйымдастырған мамандарға «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгілері табысталды.
Жалпы, «Қазақстан полициясы күні» мерекесіне ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен 18 қызметкер марапатталса, Департамент бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлының бұйрығымен 250 қызметкер түрлі марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар, Департамент бастығы өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде алып бәйтеректей бір әулеттің ақылшы тірегі, ұжымның арқа сүйер ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Бүгінгі шара барысында 70 ардагер марапатталды.
Өз кезегінде полиция департаментінің Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серікбол Қуатбайұлы ардагерлерге көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, ізгі лебізін білдірді. «Тәртіп сақшыларының кәсіби қызметі – зор жауапкершілігімен, тәуекелшілдігімен, қиындыққа төтеп беретін төзімділігімен ерекше құнды. Өз бастарыңызды тәуекелге тігіп, өзгенің өмірі үшін күніне сан түрлі қақтығыстармен бетпе-бет келсеңіздер де, Отан алдындағы борыштарыңызды адал атқарып келесіздер. Бүгінгі кәсіби мереке қарсаңында осындай ерен еңбектеріңіз үшін баршаңызға алғыс білдіремін.
Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атақты абыройды арқалап, мемлекет пен халыққа аянбай қызмет ете берулеріңізге тілектеспін!» деді Серікбол Қуатбайұлы.
Қазіргі уақытта Полиция департаментінің Ардагерлер кеңесінде 2700-ден аса зейнеткер бар. Олар өз тәжірибелерін ортаға салып, департамент қызметкерлерімен бірге тиісті жұмыстар жүргізіп келеді.
Сонымен қатар, бүгінгі салтанатты шара барысында Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қайрақбаев Руслан Сламбекұлы Жалағаш ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы полиция майоры Абдраманов Ержан Асылханұлын марапаттады.
Естеріңізде болса, полиция майоры Абдраманов Ержан қызмет барысында Жалағаш ауданындағы «Северный» каналында суға батып бара жатқан азаматты құтқарған болатын. Сын сағатта ерлік көрсеткен полицей мемлекеттік марапатқа ұсынылды.
Тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесіне арналған бүгінгі салтанатты шара барысында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы құттықтау сөз сөйледі:
«Бүгін біз Сыр өңірінде облысымыздың ішкі істер органдары саласында әр кездерде еңбек еткен қарияларымыз бен ақсақалдарымызға құрмет көрсете отырып, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрылғанына 31 жылдығын атап өткелі отырмыз.
Қазақстан полициясы күні – бұл егеменді елімізде осынау құрылымды құрған тұлғаларға және ардагерлерге зор құрмет көрсететін күн. Еліміздің тыныштығы мен адамдардың қауіпсіздігі үшін жан қиған ерлерді еске алу күні. Бұл отандастарымызды қауіп – қатерден қорғап жүрген жауынгерлерге Отанына адал әрі мінсіз қызмет ету үшін аманат еткен күн. Өкінішке орай, Тәуелсіздік алған жылдары қылмыспен күресте Қазақстанның 815 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қаза тапты. Соның ішінде Қызылорда облысының Полиция департаментінің қызметкерлері де бар. Бұл әріптестеріміздің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Қаза болған қызметкерлердің отбасылары да біздің назарымыздан тыс қалған емес.
Мереке күні ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсете отырып, жас қызметкерлердің бойларына отансүйгіштік пен полиция қатарындағы қызметінде адалдық дарытуға үлгі болатын еңбегіңіз, кәсіби біліміңіз және өмірлік бай тәжірибелеріңіз үшін ерекше алғыс білдіргім келеді.
Осынау атаулы күні баршаңызды кәсіби мереке – Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығын күзету, Қазақстанды өркендету жолындағы қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, шаңырағымыз ырыс – несібеге толсын!
Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт тіршілігі, біздің ең қымбат құндылықтарымыз. Сондықтан да біз әрқашан халық алдындағы жауапкершілікті сезініп, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолында адал еңбек етуге міндеттіміз».