Тиімді сот әкімшілігі заманауи сот төрелігін
қамтамасыз ету факторы.
Астанада «Сот әкімшілігі тәуелсіз сот төрелігі үшін: әлемдік стандарттар және үздік практикалар» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының басшылары мен өкілдері, судьялар мен Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілдері, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және т.б. елдердің жоғарғы соттары мен сот органдарының делегациялары, барлығы 100-ге жуық адам қатысты.
Олар сот тиімділігін оңтайландырудың стратегиялары мен құралдарын, жаңа технологияларды, сот төрелігі мен сот әкімшілігіне қолжетімділік мәселелерін, білім беру бағдарламаларын талқылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев Мемлекет басшысының форумға қатысушыларға арналған құттықтауын оқыды. Өз сөзінде Қ.-Ж.Тоқаев Қазақстанда соттардың өздеріне жүктелген функцияларды сапалы орындауы үшін дәйекті түрде қажетті жағдайлар жасалып отырғанын атап өткен. Президенттің құттытау сөзінде соңғы жылдары сот жүйесінің институционалдық тәуелсіздігін күшейту, сот әкімшілігінің жаңа моделін қалыптастыру, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибені имплементациялау және сарапшылармен тұрақты өзара іс-қимыл жасалып отырғаны туралы айтылған.
Жоғарғы Соттың Төрағасы Асламбек Мерғалиев өз сөзінде Мемлекет басшысы сот жүйесінің алдына қойған міндет – қоғамның сенімін арттыру, әлемдік тәжірибені ескере отырып, тиімді құқықтық және сот жүйесін құру жөніндегі шараларды әзірлеу екенін еске салып өтті. Сот әкімшілігін (СӘ) құру соттардың тәуелсіздігін нығайту жолында жасалған қадам болып табылатынына тоқталды. Ол СӘ мәртебесі мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнатуға және сот төрағаларын өзіне тән емес әкімшілік функциялардан босатуға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл ретте соттарды оңтайландыру, олардың инфрақұрылымын жақсарту, судьялар мен қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету туралы сөз болып отыр. Сот менеджментін қайта қарау, ЭЫДҰ елдерінің стандарттары бойынша сот әкімшілігін дамыту стратегиясын әзірлеуге сарапшыларды тарту туралы да айтылды. Сонымен бірге, ел ішінде және шетелде Қазақстан Республикасының сот төрелігін цифрландыру деңгейі жоғары бағаланып отырғаны аталып өтілді (Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттердің сот жүйелері туралы СЕПЕЖ дайындаған соңғы 2 шолуда соттардың IT-технологияларды қолдануы бойынша 47 елдің арасында Қазақстан Республикасы 4-ші орынды иеленіп отыр).
Осы туралы және Қазақстан Республикасында соттарды қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жөнінде айта келе, Жоғарғы Соттың Төрағасы елімізде соттардың жұмысын жеңілдететін және тәуелсіз сот төрелігі үшін жағдай жасайтын сот әкімшілігінің бірегей формуласының құрылғанын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Денис Шипп, Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халықаралық форумға қатысушыларды осы маңызды іс-шараның басталуымен құттықтай отырып, Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттырудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Қырғызстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Замирбек Базарбеков пен Өзбекстан Жоғары Соты Төрағасының орынбасары Икрам Муслимов сот менеджменті бойынша қазақстандық әзірлемелерді технологиялық және функционалдық әзірлемелер деп атады.
Астанадағы ЕҚЫҰ Кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарт, СӘХҚ Президенті Луис Пальма, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі еуропалық комиссияның (CEPEJ) сарапшысы Рамин Гарагурбанлы және СӘХҚ экс-президенті Марк Бир Қазақстан Республикасында сот тәуелсіздігін нығайту бойынша іске асырылған инновациялық реформалардың куәсі болғандарын зор ризашылықпен айтты. Олардың пікірінше, Қазақстан әлемде сот жүйесіндегі сындарлы өзгерістер елі ретінде сипатталады, ал сот әкімшілігінің қазақстандық моделі сот төрелігінің сапасына игі ықпалын тигізетін құрылым ретінде өзіне назар аудартып отыр.
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров талқыланатын мәселелердің, соның ішінде әлемнің беделді басқосуларында талқыланып отырған мәселелердің өзектілігі туралы айта келіп, судьялар мен адвокаттардың тәуелсіздігі жөніндегі арнаулы баяндамашының ТОП-5 ұсынысы туралы тоқталып өтті. Сот билігін дербес қаржыландыруды, соттарда істерді бөлудің автоматтандырылған жүйесін және аумақтан тыс соттылық жобасын енгізу, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, біркелкі сот практикасын қалыптастыру үшін көмек көрсетуге бағытталған жасанды интеллектіні пайдалану туралы жан-жақты айтылды.
Күн тәртібіндегі тақырыптар талқыланған сессияларда сөз алған меймандар Сот әкімшілігінің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі, бюджетті әкімшілендірудің ерекшеліктері, цифрландыру, соттарды талдамалық және инфрақұрылымдық қамтамасыз ету туралы және т.б. сындарлы пікірлерін ортаға салды.
Атап айтқанда, Түркия кассациялық сотының судьясы Эфе Өзкан сот процесін жүзеге асыруға қатысты өз көзқарасын, ЕҚЫҰ Кеңсесінің өкілі Евгения Оралова ЕҚЫҰ мен Жоғарғы Соттың «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» жобасы туралы пікірін білдірді. ЕҚЫҰ консультанты Лиза Райсинг және Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов Дания, Норвегия, АҚШ және Қазақстанның сот әкімшілігінің дербес үлгілері туралы айтып берді.
ЕҚЫҰ өкілдері Нг Гар Ин мен Дмитрий Нурумов, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Елдос Жұмақсанов пен Түркияның Халықаралық сот төрелігін жетілдіру институтының директоры Гезде Оруч сот басқаруының тиімді моделі мен сот билігінің тәуелсіздігі туралы пікірлерін бөлісті.
Іс-шара барысында сындарлы пікір алмасылды. Сөз сөйлеушілердің ұсыныстары Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігін жетілдіру жөніндегі стратегияны әзірлеу кезінде пайдаланылатын болады.
Анықтама: СӘХҚ 2004 жылы Словенияда құрылған, ал кеңсесі Вирджинияда (АҚШ) орналасқан.
СӘХҚ қызметі менеджмент пен цифрландыруды дамытуға және кәсіби сот әкімшілігінің жұмысын ілгерілетуге бағытталған.
СӘХҚ құрамында 100-ден астам елдің, соның ішінде АҚШ, Қытай, Канада, Жапония, Германия, Франция және т.б. елдердің өкілдері бар.
Қазақстан 2015 жылдан СӘХҚ-нің толыққанды мүшесі.