Бүгін Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында 23 маусым – Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті.  Шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құқық қорғау саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Отанымыздың, ел аумағының бүтіндігін сақтауды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді, мемлекетке қауіп төндіретін кез-келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұруды мақсат еткен полиция қызметінің ел өміріндегі алар орны орасан зор.
Әрдайым аудан халқының тыныштығын қырағы күзетіп, оны қорғауға және қылмыстардың белең алуына тойтарыс берудегі кәсібиліктеріңіз, қызмет барысындағы жоғары іскерліктеріңіз, халық арасында заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі жанқияр еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық.
Қызмет барысында қылмыспен күрестің алдыңғы сапында тұрып, күн түн демей, ауа райының ыстық-суығына қарамай, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына аянбай еңбек етіп жүрген Сіздерге қашанда алғысымыз шексіз, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң бірқатар сала қызметкерлері мен ардагерлері аудан әкімінің “Алғыс хатымен” және Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының “Грамотасы”, “Алғыс хатымен” марапатталды.

Жиында ішкі істер органының зейнеткері Беганыш Жақсыбаев сөз алып, мерейлі мерекеде ескеріп, құттықтап жатқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа алғысын білдірді. Сондай-ақ, сенімге селкеу түсірмей, дамылсыз еңбек еткен әріптестеріне шын ниетімен ризашылығын жеткізді.

Аудан басшысы басқосу соңында ауданымыздың тыныштығы мен бейбіт тірлігін қас қақпай күзетіп, тұрғындарға қорған болған қызметкерлердің одан әрі еңбек ете беретіндіктеріне сенім білдірді.

БӨЛІСУ