Қырғыз судьялары Қазақстанның сот медиациясының тәжірибесімен танысуда.
Жоғарғы Сотқа Қырғыз Республикасы жоғары сот органы төрағасының орынбасары, азаматтық және экономикалық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Шералы Камчыбеков бастаған қырғыз судьяларының делегациясы келді.
Қонақтармен кездесу кезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов елдер арасындағы қарым-қатынастардың даму серпінін атап өтіп, екі елдің сот органдары ынтымақтастығының одан әрі жалғасын табатынына сенім білдірді. Алқа төрағасы сот медиациясы және татуластыру рәсімдерін жүргізу саласындағы тәжірибелермен бөлісуге дайын екенін айтты.
Дауларды баламалы шешу институттарын дамытуға бағытталған реформалар туралы айта келе, ол татуластыру рәсімдерін дамыту жұмыстың басым бағыттарының бірі болып табылатынына әрі әлеуметтік тұрақтылықты және қоғамдағы ишеленістерді азайтуды қамтамасыз ететініне назар аударды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ұлбосын Сүлейменова шетелдік әріптестерін Қазақстанда сот медиациясын енгізудің негізгі кезеңдерімен, дауларды төрелікке, АХҚО мен ХТО-ға беру жолымен шешудің баламалы тәсілдерін дамытудың, сондай-ақ даулардың жекелеген санаттары бойынша сотқа дейінгі реттеу тәртібін енгізумен таныстырды. Сонымен қатар, соттарға тән емес функцияларды уәкілетті органдарға (нотариустарға, прокуратураға және т.б.) беру туралы да сөз болды. Соның арқасында даулардың бір бөлігі қазір сотқа дейін шешіледі.
Кездесуге қатысушылар татуластыру рәсімдеріне маманданған судьялардың жұмысын ұйымдастыру, жүргізілген татуластыру рәсімдерінің тиімділігі, оның ішінде «сотқа дейінгі хаттама» жаңа институтын қолдану мәселелерін талқылады. Ш. Камчыбеков аталған тақырып бойынша Қазақстанның сот жүйесінің тәжірибесін егжей-тегжейлі зерделеуге қызығушылық танытты.
Сапар аясында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Елена Максюта меймандарды Коммуникациялар орталығының, Цифрландыру бөлімінің басшысы Нұржан Молдақов Ахуалдық орталықтың жұмысымен таныстырды.
Делегация мүшелерінің Астана қаласының соттарына және Татуласу орталығына баруы жоспарланып отыр. Осы күні Жоғарғы Сотқа Қазақстанның сот органдарын цифрландыру тәжірибесін зерделеу мақсатында Түркиядан кассациялық соттың судьясы Эфе Өзқан және Халықаралық сот төрелігін жетілдіру институтының директоры Гёзде Оруч келді.