Қазір қоғамда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын берік орнатуға ықпал ету ұлттық мүдденің негізгі міндеттерінің біріне айналды. Ал жастар арасында аталған мәселенің маңыздылығын айқындап, түсінік қалыптастыру — ортақ игілік жолындағы алғашқы қадамдардың бірі. Осы мақсатта бүгін Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен Жастар ресурстық орталығы бірлесе жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне “Ашық есік күні” акциясын өткізді.
Ашық есік күнінде бірқатар өңір жастары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғимаратында болып, жұмыс барысымен танысып қайтты. Жастардың бойында жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру, құқықтық білімін арттырып, жемқорлық көріністеріне төзбеуге тәрбиелеу мақсатында өткен шарада Департаменттің Превенция басқармасының бас маманы Мұрат Искаков жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағыттарын айтып, «Antikor Ortalygy» сервистік орталығының жұмысын көрсетті.
Студенттер экскурция барысында Департаменттің тарихымен, Тергеу Басқармасы бақылау-әдістемелік қамтамасыз ету тобының жұмысымен танысты. Өз кезегінде студенттер еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруға қатысты қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды.