Тәуелсіздік жылдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің 5 қызметкері қаза тапты.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серікбол Қуатбайұлы және Кадр саясаты басқармасының аға инспекторы полиция майоры Ахметкалиев Сабырдың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Брифинг барысында тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Департаментпен атқарылған шаралар турлаы сөз қозғалды.
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 31 жыл. 1992 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдау Жарлығына қол қойып, Қазақстан полициясы құрылды.
Осы күні егеменді елімізде Қазақстан полициясының ірге тасын қалаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда жан қиған әріптестерімізді еске аламыз.
Тәуелсіздік жылдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде Полиция департаментінің 5 қызметкері қаза тапты.
Бейбіт уақытта халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен милиция капитаны Әбішев Кеңесбек Махметханұлы, милиция лейтенанты Бектұрсынов Есен Бақтиярұлы, милиция сержанты Қалеков Қайрат Шаразадинұлы, милиция сержанты Сансызбаев Оразбек Шәкірұлы «Ерлігі үшін» медалімен, ал полиция аға лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлы ІІ-дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Бейбіт күннің батырларының жасаған өшпес ерліктері халықтың есінде мәңгі сақталады.
Осы орайда, департамент ауласына 1985 жылы «қызмет бабында қаза тапқан сақшыларға арналған» және 2015 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне арналған ескерткіш-монументтері қойылды.
Қазіргі уақытта Полиция департаментінің Ардагерлер кеңесінде 2700-ден аса зейнеткер бар. Олар өз тәжірибелерін ортаға салып, департамент қызметкерлерімен бірге тиісті жұмыстар жүргізіп келеді.
Бұл ретте еңбек жолын ішкі істер органдарына арнап, бірнеше жас буынды тәрбиелеген ардақты ардагер ағаларымыз бен апаларымызға алғыс айтамыз.
Бүгінде өңірде қоғамдық тәртіпті сақтауда екі мыңнан астам тәртіп сақшылары абыройлы қызмет атқарады. Полиция қатарында ерлермен бірге погон таққан 200 – ден аса әйел қызметкер бар. Олар ел тыныштығы, тәуелсіз Қазақстанымыздың өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Облыстық полиция департаментінде отбасымен қызмет етіп жүрген, полицейлікті ортақ мамандыққа айналдырған 10-нан аса полицейлер династиясы бар. Бір шаңырақтың өрелі ісін жалғап, ішкі істер органдарында бүгінде абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Мұхтаровтар, Анафиндер, Оразовтар, Туляповтар, Искаковтар, Әубәкіровтер, Пірімбетовтер, Нұрбаевтар, Бексейітовтер әулеттерін айта аламыз. Полицейлер династиясының ұстанымы – темірдей тәртіп және өз елінің патриоты болу. Сонда ғана қиындығы мен қатері мол саладағы тынымсыз еңбек жемісін бермек.
Мемлекет басшысының «Жұртқа жақын полиция» және “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының қағидаттарын іске асыру шеңберінде тиісті жұмыстары жасалуда.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, тұрғындарды қауіп-қатерден қорғау үшін Полиция департаментінің материалдық-техникалық жағдайының жақсаруына жергілікті атқарушы органдардың көмегі зор.
Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы қабылданып, оның шеңберінде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да едәуір жақсарды, жалақысы көбейді, тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы алатын қызметкерлердің тізімі артты.Сол себептен полиция қызметкерлері антына адал, еліне адал қызмет атқаратыны сөзсіз.