Өткен аптадан бастап облысымыздың барлық аудандарында облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының ұйымдастырылуымен ауданның бюджеттік бағдаралма әкімшілеріне «Мемлекеттік сатып алудың бір қатар өзекті мәселелері» тақырыбында көшпелі семинар-кеңестертер өткізілді. Аталған семинардың-кеңестің соңғы отырысы Қызылорда қаласында өткізіліп, қорытындыланды.
Аталған шараға облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметкерлері және қалалық бөлімдердің, ауылдық округтердің, кенттердің, мәдениет үйлері мен клубтардың басшылары мен есепшілері, сонымен қатар, қала аумағында орналасқан бюджеттік ұйымдардың (білім бөлімі, мектептер, балабақшалар, орталық аурухана, спорт, мәдениет мекемелері) қаржы мен мемлекеттік сатып алуға жауапты мамандары қатысты.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Дастан Баймаханов және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Айнұр Искакова қолданыстағы мемлекеттік сатып алу заңдылығына енгізілген соңғы өзгерістерге, мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдеріне тоқталып өтіп, қатысушыларға мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажет екендігіне тиісті түсіндірмелер жасады.
Ал, ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Майрамкүл Өмірбаева мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтарды алдын алу және басқа да өзекті мәселелер тақырыбында хабарлама жасап, мемлекеттік сатып алу веб-порталында алдағы уақытта кемшіліктер мен заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында өзінің тәжірибесімен бөлісті.
Шара соңында семинар-кеңеске қатысушылардың көкейлерінде жүрген, жұмыс барысында кездесетін мәселелері мен ұсыныстары талқыланып, өзара пікір алмасулар жасалды.