Мемлекеттік рәміздер – қазақ елінің өзіндік өмір салтын, тарихы мен тағдырын, болмысындағы ерекшелігін, ұлы мақсатқа ұмтылысын, өзгелермен қарым-қатынас орнатудағы бейбіт мұратын айқын бейнелейтін құндылығы.

Бүгін Тереңөзек кентіндегі «Парасат» алаңында 4 – маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған патриоттық акция өткізілді.
Акция Мемлекеттік Туды салтанатты түрде әкелумен басталды.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев салтанатты іс-шараға қатысып, сырдариялықтарды мерекемен құттықтады.

«Елдің елдігін, мемлекеттілігін айқындайтын басты құндылықтар ол – елдің шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері.
Баршаңызды 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазіргі күні еліміз дербес мемлекет бола алатынын әлемдік қоғамдастықтың алдында барлық қырынан айқындады. Ел жастары мен патриот азаматтарымызды Туымыз биік ұстауға, Елтаңбамызды қастерлеуге, Гимінімізді жүректе сақтауға шақырамын», – деді аудан басшысы.

Шара барысында патриоттық әндер айтылып, оқушылардың сурет көрмесі өткізіліп, алғаш мемлекеттік қызметке тағайындалған қызметкерлердің Ант қабылдау рәсімі болып, «Желбіре көк Туым» челенджінің белсенді қатысушылары марапатталды.

Мемлекеттік Туды алып жүрген вело, мото, автошеру кент көшелерімен жүріп өтіп, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу барысында аудан жастарының, «Ұлттық рәміздер – ұлттық мақтаныш» атты патриоттық іс-шарасы, «Желбіре көк Туым» челенджі, қазақша күрес пен шағын футболдан жарыстар, жалпы білім беру мектептерінде тәрбие сағаттары, балабақшаларда ертеңгіліктер, кітапханаларда тақырыптық лекция мен семинарлар, барлық ауылдық округтерде тақырыптық шаралар өткізілді.

БӨЛІСУ