Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы ауыл тұрғынын құтқарған полицейге алғысын білдірді
​Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлының төрағалығымен Аппараттық кеңес өтті. Апта сайын өтетін кеңесте өңіріміздегі қылмыстық ахуал, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Аппараттық кеңес бейнеселекторлық режимде өтті.
Махсудхан Нұғманұлы бүгінгі Аппараттық кеңесті ерекше көңіл – күйде жақсы жаңалықпен бастады.
Күні кеше Сыр елінің тәртіп сақшысы Жалағаш ауданының тұрғынын болашағынан зор үміт күттіретін 4 курс студентін ажалдан аман алып қалды. Антына адал, өз қызметін қалтқысыз орындаған полицейге халқымыз дән риза.
Міне, бүгін өз кезегінде департаменттің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы көзсіз ерлік жасаған полицейге шын жүректен алғысын білдірді.
«Қызылорда облысы ПД-нің Жалағаш ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы полиция майоры Абдраманов Ержан Асылханұлының ерлігі еліміздегі барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлгі. Кейінгі буын өкілдеріне тәлім – тәрбие. Жасыратыны жоқ, жалағаштық полицей Ержанның епті ісі бүкіл елді елең еткізді. Бейбіт күнде ел азаматын ажал құшпасын деп өз өмірін бәйгеге тікті.
Бүгінгі Үкімет отырысында да Ішкі істер министрі полиция майоры Абдраманов Ержанның ерлігін ерекше атап өтті. Бейбіт күннің батыры биік құрметке лайық. Біз осы азаматқа, оны тәрбиелеп өсірген ата – анасына алғыс айтамыз. Ержанның еңбегін елеп, басқаларға үлгі ету жақсылыққа жол ашады. Бұл азамат қандай да болсын құрметке лайық әрі қоғамға қызмет етудің, жанқиярлық пен батылдықтың үлгісін көрсеткен жан. Сондықтан алдағы уақытта біздің әріптесіміз барлық тиісті марапаттарға ұсынылады» деді полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы.

БӨЛІСУ