Бүгін қалалық әкімдіктің мәжіліс залында шаһар басшысы Асылбек Шаменовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге тоқталмас бұрын қала әкімі Асылбек Шаменов ұзақ жылдар бойы Ақсуат ауылдық округін басқарған Мәмбетәлі Сейітжаппарұлының басқа қызметке ауысуына байланысты сәт-сапар тілеп шығарып салды.
“Еңбек жолын экономика саласында бастаған Сіз, соңғы 6 жыл бедерінде Ақсуат ауылдық округін басқарып, ауылдағы түйткілді мәселелерді шешу бағытында біршама жұмыс атқардыңыз. Соның ішінде, ел есінде қалатын ауқымды жоба – елді-мекенге көгілдір отынның кіруіне сүбелі үлесіңізді қостыңыз. Алдағы жаңа қызметіңіз бен бастамаларыңызға толағай табыс тілеймін” деген шаһар басшысы Мәмбетәлі Сейітжаппарұлын арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Ары қарай күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі комлаенс қызметтерінің жұмыстары туралы баяндады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерімен сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне қатысты жүргізілген ішкі талдау анықтамалары мен ұсынымдарына тоқталып, оларды жою бойынша шараларды атап өткен бөлім басшысы жолаушылар тасымалындағы көлеңкелі бизнестің алдын алу мақсатында электронды төлем жүйесінің маңыздылығын атап, оларға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Өз кезегінде комиссия төрағасы Асылбек Өмірбекұлы қала әкімдігіне қарасты ірі үш мекемені, яғни «Қызылорда Автобус Паркі», «Қызылорда Тазалығы» және «Қызылорда Су жүйесі» мекемелеріне халықаралық стандарттарды енгізуге қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – тұрғын үй кезегіне тұру және пәтерлерді табыстауда сыбайластық көріністерін болдырмау, жариялылықты қамтамасыз ету бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстар жөнінде бөлім басшысы Абзал Рысбек баяндама жасап, қазіргі уақытта тұрғын үй табыстау кезегі 5 дара тізімі арқылы жүзеге асатындығын айтты.
Жауапты саланың басшысы Абзал Рысбек бүгінгі таңда төмен бағада үй, кезексіз пәтер алып беремін деп азаматтардың сеніміне кіріп, алаяқтық әрекеттерге баратындардың қатары азаймай отырғандығын және оған байланысты құқық қорғау органдармен бірлесе кешенді шараларды қолға алғандығын жеткізді.
Аталған мәселеге орай, қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы тиісті бөлімнің басшысына тұрғын үй табыстау жұмыстарының ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етуді және алаяқтық деректерін болдырмау мақсатында азаматтарға үздіксіз түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Келелі басқосуды қорытындылаған комиссия мүшелері көтерілген мәселелерді ескере отырып, сыбайлас жемқорлықтың көріністерін жою үшін тек заң аясында әрекет ету қажеттігін атап өтіп, құзырлы органдармен бірлескен кешенді жұмыстарды одан әрі жандандыруды ұсынды.