Ежелгі заманнан бері билік пен жемқорлық бір-бірінен ажыраған емес. Тарихта мемлекет эволюциясымен қатар сыбайлас жемқорлық қатар дамыды. Мемлекеттілік қалыптаса бастаған кезде діни қызметкерге, басшыға немесе әскери қолбасшыға олардың көмегіне жеке өтініш жасағаны үшін төлеу жалпыға бірдей норма ретінде қарастырылса, кейінірек мемлекеттік аппараттың күрделенуімен кәсіби шенеуніктер ресми түрде пара алатын болды. Бұл ең ежелгі деректердің бірі.

Әлем өзгерді, сыбайлас жемқорлықтың ауқымы да өзгерді. Жаһандану және әлемдік экономиканың қалыптасуы сыбайлас жемқорлықтың халықаралық деңгейге шығуына және қазіргі заманның ең жаппай және қауіпті құбылыстарының біріне айналуына мүмкіндік берді.

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді, ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.

Әлемде  сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына  да байланысты болып келеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.

Олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.  Қоғамның барлық саласына еніп бара жатқан, оған батыл тосқауыл қойып, зардаптарын жою және мүдделерді жауапқа тарту бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі.  Осындай келеңсіз құбылыстармен үздіксіз күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы деп ұғынған жөн.

Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конститутциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір қасиетін құрметтеуге міндетті.

«Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние – байлық неге керек, денсаулығың болмаса, төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз сот саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің бағдары іспеттес.

Соттағы биліктің беделін арттырып, оң бейнесін қалыптастыру бағытында өзге де құқық қорғау органдарымен және мемлекеттік мекемелерімен бірігіп жұмыс атқарылуда. Сот әділдігінің жүзеге асуына қатысты халықтың көкейтесті мәселелерінің шешімін табу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде дөңгелек үстелдер, семинарлар, мақалалар жазылып ұйымдастырылып келеді.

 Сондай-ақ «Төрелік» ақпараттық бағдарламасы бойынша автоматты түрде бөлінетіні, сот ғимаратына кіру қатаң түрде бекітілген ережеге сай жүргізілетіні, судьялар сот отырысынан тыс азаматтарды қабылдамайтыны, келген тұрғындардың арнайы тіркеліп, төрағаның белгіленген кестеге сәйкес қабылдауы аталмыш бағыттағы шаралардың көрінісі болып табылады.

Аталған Заңның 1-бабының 6-тармақшасына сәйкес сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу.

Бұл қылмыстар үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде және Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде көзделген.

Қазақстан Республикасының ҚК-нің 366-бабына сәйкес, пара алғанда және Қазақстан Республикасының ҚК-нің 367-бабына сәйкес, пара бергенде қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сыбайлас жемқорлықты тек пара алушыларды жою арқылы жеңуге болмайды. Ол үшін пара беруге ниетті жандардың да санасына саңылау түсіріп, жегі құрттың етек жаюына өзінің де ықпал етіп отырғанын жан-жақты түсіндірген маңызды.

Алайда пара алу мен пара берудің қылмыстық жауапкершілігі тең деп айтуға болады.

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган болып табылады. Сонымен бірге, барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері және лауазымды тұлғалар жүргізуге міндетті.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеп-тексеруді және алдын алуды және оларды жасауға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды өзі құзыреті шегінде прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери полиция органдары, экономикалық тергеп-тексеру қызметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз ұлттық экономиканың ашықтығына, келісім-шарттарға қол сұғылмайтынына, зияткерлік меншік құқығы сақталатынына және жемқорлықпен аяусыз күрес жалғаса беретініне кепілдік береміз», – деді. Себебі, сыбайлас жемқорлық қоғамның бақытты болашағын тежейді, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіреді, жұртшылықтың заң мен әділдікке, билікке деген сеніміне сызат түсіреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек, сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек», – деді.

Мәселен, Қызылорда қаласының №2 сотында 2021 жылдың 12 айында сыбайлас жемқорлыққа байланысты 21 қылмыстық іс түсіп, қаралды.

Сот өндірісіне айыптау үкімі қабылданғаны – 23 іс, айыптау үкімдерімен 29 адам сотты болған, оның 12 адам бас бостандығынан айыру жазасы, 10 адам айыппұл жазасы, 6 адам бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.

2022 жылдың І тоқсанында сыбайлас жемқорлыққа байланысты 4 іс өндірістен аяқталған, 6 адамға айыптау үкімі шыққан. Оның 2-і айыппұл жазасы, 4-і бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

К.МЫХАНОВ

ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

БӨЛІСУ