Сенаторлардың бастамасымен әзірленген заң жобасы қорғалатын табиғи аумақтардағы ауыл тұрғындарының проблемаларын шешеді.
Сенат депутаттары орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеген болатын. Құжат ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аймағына кіретін ауыл тұрғындарының проблемаларын шешуге бағытталып отыр. Сенаторлар ол үшін қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды.
Сенатор Ольга Булавкинаның айтуынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамында қалған ауыл тұрғындары өздерінің жылжымайтын мүліктеріне иелік ету құқығымен шектеліп отыр. Мәселе олардың үйлері осы жерге ерекше мәртебе берілгенге дейін салынғанында болып отыр. Адамдар ауылға іргелес алқаптарды шабындық пен мал жаю үшін пайдалана алмай қиындық көруде.
«Аталған елді мекендегі тұрғындардың үйлері олардың жеріне ерекше мәртебе берілгенге дейін салынған. Ол адамдар қазіргі кезде өз үйлерін сата да алмайды, мұрагерлікке бере де алмайды және тағы сондай проблемаға тап болуда. Бұл аумақтағы адамдардың жеке ауласы да бар. Алайда ерекше мәртебе болуына орай олар өздерін жем-шөппен қамтамасыз ете де алмайды. Мұның бәрі қорық аумағында заңсыз шөп шабуда күрделі әлеуметтік ахуал туындатып, алғышарт жасайды. Бұл аумақтарда сондай-ақ әлеуметтік нысандар – емдеу және білім беру мекемелері де бар. Бірақ заң бойынша тыйым салынғандықтан, жергілікті мемлекеттік органдар оларға коммуникация жүргізу аясында еш әрекет жасай алмайды. Осындай елді мекендердің тұрғындары сенаторлардың халықпен кездесуі кезінде бұл мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Сондықтан біз осы мәселені шешуге мүмкіндік беретін заң жобасын ұсынып отырмыз», – деп атап өтті заң жобасының бастамашысы Булавкина.
Сонымен қатар, төтенше жағдайдың алдын алу жөнінде де мәселе бар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда сел, көшкін және тасқыннан қорғау құрылыстарын салуға болмайды. Сондықтан елді мекендер, сондай-ақ автомобиль жолдары мен теміржол табиғи апаттан зардап шегуі ықтимал.
Осы проблемаларды шешу үшін заң жобасында елді мекендерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін ерекше қорғалатын аумақтар құрамынан шығару, сондай-ақ инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету құбырын салуға мүмкіндік беру ұсынылып отыр.
Үкімет бұл заң жобасын мақұлдады және ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына жіберілетін болды.