«Судьяның міндеті заңды қолдану ғана емес, оны түсіндіру», – деген екен ағылшын ғұламасы Фрэнсис Бэкон. Дәл осы сөздің дәлдігін, азаматтар үшін маңыздылығын ісіңіз сот құзырына түсіп, қолыңызға сот актісі тигенде шынайы ұғына түсесіз. Өйткені төрелік әділ болып, заң үстемдігі орнаса сот беделі өседі, ал сауатты, сапалы жазылған сот актісі судья біліктілігінің, кәсіби шеберлігінің көрсеткіші ретінде бағаланады.Демек, сот корпусына мықты мамандарды іріктеу қаншалықты маңызды болса, сот актісіне қатысты талаптың өсуі де соншалықты қажет.Бұл екеуі бір-бірімен өзектес мәселе.
Ендеше, сот актілерінің сапасын арттыруға қатысты қарымды қадамдардың жасалуызаманның ғана емес, тараптардың да үшінші биліктен қажет етіп отырған басты талабының бірі. Сот төрелігін әділ жүргізу, сот шешімдерінің сапасын көтеру – соңғы жылдары елімізде ерекше екпінмен айтылып, жолға қойылған мәселе. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет» деп айрықша мән берген болатын. Соған орай Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының дайындалғаны көпшілікке мәлім.
Әлбетте, уақыт көшіне көз тігіп, кешегі мен бүгінімізді таразы басына салғанда атап өтер жетістігіміз аз емес. Қателіктен қорыққан қадам жасамайды, ал тәуекелмен тірлік бастаған түбі ұтады. Оның үстіне, елдік мәселелерде, мемлекеттік мүддеге қатысты істерде ескі сүрлеуден шығып, замана көшінен қалмаудың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, елдегі заң үстемдігіне, әділ төрелікке, халықтың құқықтық еркіндігіне, қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін сот билігінде жаңару мен жаңғырудың үздіксіз жүргізілуі орынды.
Шындығында тәуелсіздік алған сәттен бері отандық сот соны реформалардан кенде болған жоқ. Сонымен бірге, саланың үздіксіз дамуына, өсуіне, ілгерілеуіне жыл сайынғы Президент Жолдауларында көтерілген мәселе, берілген тапсырмалардың ықпалы болғаны рас. Жаңа бастамалардың негізгі мақсаты – халықтың көңілінен шығатын, халықтың құқығы мен мүддесін қорғайтын, халыққа жақын сот қалыптастыру еді. Ал ол жалынды сөз айту, жалпылама жұмыс жасаудан тұрмайды. Бұл үнемі өсуді, ізденуді, еңбектенуді қажет ететін процесс. Әрі мұндай үрдіс халықтың пікір, ұсынысын ескере отырып жасалғанда ғана құнды, өміршең болмақ.
Осы ретте 2018 жылдың басында еліміздегі сот жүйесін дамыту мақсатында ұсынылған жеті басым бағыттан тұратын «Сот төрілігінің жеті түйіні» жобасының қоғамға бергені өте көп. Судьялардан, адвокаттардан, сот қызметкерлерінен, заңгерлік қауымдастықтан, үкіметтік емес ұйымдардан келіп түскен мыңнан астам ұсыныстың негізінде даярланған бұл жобатөрелік алаңындағы бүгінгі жетістіктердің күретамыры іспеттес. «Кеңескен істе кемшілік болмайды» демекші, көпшілік талқысына салынып, азаматтардың сүзгісіненөткендіктен болар, «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасы сала жұмысына айтарлықтай серпін берді. Отандық соттағы озық істерге бағдар болған жеті жобаның бірі «Сапалы нәтиже» деп аталды. Бұл жоба шеңберінде сот актілерініңсапасын көтеру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. «Сапалы нәтиже» шын мәнінде сапалы сот актілерін дайындауға негіз қалады.
Жобаны қолға алудағы басты мақсат сот актісінің беделін, сот ісін жүргізуге қатысушылардың сотқа жүгіну нәтижесімен қанағаттану деңгейін көтеру болды. Күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғандай, сапалы, дәлелді сот актілері сот билігінің оң имиджін нығайтуға, қоғамның сотқа деген сенімін қалыптастыруға септігін тигізеді. Бұдан бөлек, осы сот актілерін түсіндіру, сот актілері бойынша тараптарда пайда болған сұрақтарға тиянақты жауап беру де аса өзекті. Жекелеген сот актілерінің анық еместігі, көпшіліктен түскен сауалдарға берілген уәждердің түсініксіздігі өз кезегінде шешімнің әділеттілігіне және судьяның кәсіби деңгейіне күмәнді көбейтеді.
Сот жұмысына қатысты көпшілік пікіріне құлақ түрсеңіз азаматтар жоғарыдағы мәселелерге жиі өкпе-реніш айтады. Сот шешімінің түсініксіздігіне, азаматтардың өтінішіне берілетін формальді сипаттағы жауаптарға, сондай-ақ сот шешімдерінің уақытында орындалмауына базына айтатындар қай кезде де баршылық. Осының өзі сотқа деген сенімді нығайту үшін саланы қай бағытта дамытып, қандай мәселелер бойынша күрделі шаралар қабылдау керектігін ұқтырады. Отандық соттағы соңғы жаңғыртулардың сот актілерінің сапасын арттыруға, сот пен халық арасындағы байланысты нығайтуға бағытталуы да сондықтан.
Сапалы нәтижегежету үшін бүгінде қолға алынған шаралар аз емес. Ең алдымен сот актілерінің талапқа сай жазылуы судьяның біліктілігімен тамырлас. Біріншіден, тілдік қоры мол, көркем сөйлеу қабілеті қалыптасқан судьяға сот актісін тараптар түсінетіндей етіп жазу аса қиындық тудырмаса керек. Екіншіден, жауаптылық, ізденімпаздық, тараптардың тілегін тыңдай білудің де сот актісінің сапасын көтеруде ықпалы орасан.Сондықтан судьяларға қойылатын талапты күшейту арқылы, сот актілерінің сапасын көтеру жолға қойылып келеді.
Жалпы қай кезде де сот актілерінің түсінікті жазылуы мен олардың орындалуы өзекті. Сапалы нәтижеге жету қарапайым азаматтардың сотқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Ал үкімнің, шешімнің, сот қаулыларының қалай болса солай, заңдардан үзіп-жұлып алынған тіркестермен, мағынасыз жазылуы судьяға, сол арқылы сотқа деген теріс көзқарасты қалыптастыратынын ұмытпауымыз керек.
Француз жазушысы Виктор Гюгоның «Әділ соттың ең жоғары сатысы – ар» деген тағылымы терең сөзі бар. Қарап отырсақ, сапалы нәтижеге жетудеде ар бірінші орында тұруы тиіс. Өз қызметін арына салып, жауаптылықпен атқаратын жандар салғырттыққа жол бермейді. Соның ішінде судьяның сот актісін жазуға ұқыптылықпен, жанашырлықпен қарауы аса маңызды. Қазақстандық судьялардың құзыреттілігін олардың өнімдері, яғни сот актілері жақсы көрсетеді.
Еліміздің Жоғарғы Соты сапалы нәтиже қалыптастырып, сот актілерінің сұранысқа сай жазылуында да бағдар беріп келеді. Осы мақсатта республика судьяларының үкім, шешім, сот қаулыларын негізге ала отырып, арнайы үлгі жасалғаны көпшілікке мәлім. Судьяларға көмекші құрал болатын бұл жинаққа білікті әріптестеріміздің ең таңдаулы сот актілері топтастырылған. Іріктелген сот актілері заң тілін қарапайым тілмен көркемдеудің, ойды қысқа да нұсқа түсіндірудің, мазмұнды нақты жеткізе білудің үлгісі саналады.
«Сапалы нәтиже» жобасы бойынша атқарылған жұмыстардың арқасында бүгінде үкім, шешім, сот қаулыларының тараптар қабылдай алатындай қарапайым тілде жазу мәнері қалыптасты. Сонымен бірге, осы аралықта қолға алынған қарымды шаралар судьяларға өз шешім, үкімін тараптарға «өз тілінде» түсіндіруге үйретті. Судьялардың сот шешімін жариялаған соң, тараптарға не себептен нақ осындай шешім қабылданғанын түсіндіруі бүгінде қалыпты жағдайға айналды.Заңдық терминдерді түсінбей, күрделі сөйлемдердің мағынасына бойлай алмай шарасыз күйге түсетін азаматтар үшін жаңа өзгерістердің сотқа деген сенімді күшейткені анық. Бұл бағыттағы игі істер нәтижесінде апелляциялық шағымдар саны азайғанын да айта кеткеніміз жөн.
Сондай-ақ бүгінде республика соттарының барлық шешімдері ашық базаға салынып, кез келген адам қарай алатындай қолжетімді болды. Бұл да азаматтардың сот актілерін салыстырып, бағалауына жол ашатын тетік. Осының бәрі түптеп келгенде сот актілерінің сапасын арттыруға серпін берері сөзсіз.
И.ТҰҢҒЫШБАЕВ
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы