Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлының төрағалығымен өткен жиналыста жергілікті бюджет кірістерін арттыру және салық базасын ұлғайту мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері, облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде жоспарланған салық түсімдерін толық әрі уақытылы қамтамасыз ету, қосымша кіріс көздерін анықтау, резервтерді тиімді пайдалану және мемлекеттік кірістер органдарымен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды.

Жиын барысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, бюджет түсімдерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігі атап өтілді. Әсіресе, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және жаңа инвестициялық жобаларды қолдау арқылы кіріс көлемін ұлғайтуға басымдық берілді.

Данияр Еренғалиұлы өз сөзінде салық базасын кеңейту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бюджет кірістерінің тұрақты өсуі аймақтың инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет кірістерін толық орындау және тұрақты өсімді қамтамасыз ету бойынша тиісті органдарға нақты міндеттер жүктелді.

БӨЛІСУ