Бүгін аудан әкімі С. Сермағамбетовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссияның күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Алдымен отырыстағы бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Шегебаев аудан аумағында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесінде өңірде орын алған есірткі қылмысының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмендегені белгілі болды.

Баяндамашыдан кейін сөз алған аудан басшысы республика көлемінде «Қарасора-2022» кең ауқымды жедел профилактикалық шарасы негізінде өткен жылы ауданда тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсірудің 6 дерегі анықталғанын және сол анықталған елдімекен әкімдері тарапынан тұрғындармен тікелей байланыс орнатылмай, алдын-алу жұмыстарында мардымсыздық таныту, қадағаламау әсерінен туындағанын айтып, сынға алды. Сондай-ақ, бүгінгі күні синтетикалық есірткіні қолдану жағдайлары елімізде белең алғанын және алдағы уақытта мұндай құқық бұзушылық фактілерін болдырмау мақсатында тиісті сала басшысына есірткімен шұғылданатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін әшкерелеу, есірткіні тасымалдау, жөнелту жолдарын анықтау бағытында есірткі тұтынушылардың шоғырлануы ықтимал жерлерді, есірткі құралдарын тарату не тұтыну орындарын анықтау, жедел-іздестіру жұмыстарын күшейтуді және қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне құзырлы органдармен бірлесе отырып учаскелік полиция инспекторымен тығыз жұмыс жасауды жүктеді. Осы орайда аудан прокурорының орынбасары Н. Марат өзін толғандырған сұрақтарды жолдап, жұмысты жүйелі атқару бағытында ұсыныстарын жеткізді.

Алаңдауға айтарлықтай себеп бар, құқықтық статистикалық деректерге сәйкес елімізде жастар арасында құқық бұзушылықтар біршама жоғарылағандығы байқалуда. Соның ішінде, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің топтық төбелесі мен бірлесе ұйымдасқан қылмыстарының бүгінде салмағы басым.

Осыған сәйкес,күн тәртібіндеге екінші мәселе «Жасөспірімдер арасындағы орын алған құқық бұзушылықтар мен олардың алдын алу мақсатында атқарылған шаралар»бойынша Н.Шегебаев қосымша баяндап, кәмелетке толмаған жастар қалыптастырған құқық бұзушылық фактілеріне тоқталды. Одан соң, Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова аталған жайттарға жол бермеу үшін білім беру мекемелерінде жоспарға сәйкес өткізіліп жатқан іс-шаралар мен түсіндірме жұмыстарын, педагог-психолог мамандар тарапынан өткізілген кездесулер пікір алмасулар туралы мәлімдеді.

Жиын соңында аудан әкімі Серік Сағитжанұлы жыл басынан бергі атқарылған істерге баға бере келіп, қала және кент, ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала басшыларына кеткен кемшіліктерді жоюды ескертті. Бұған қоса, кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында және тұрғын-жайдан тыс болу деректерін қатаң бақылауды, қаладағы көңіл көтеру мекемелерінде және кәмелетке толмағандар болатын өзге де орындарда, ауданда белгіленген криминогендік жерлерде бірлескен рейдтерді күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге, автокөлік басқарған кәмелетке толмағандарға заң талаптарына сай қатаң шаралар көруді, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде аудандағы жастарды тарта отырып осы тақырыпта түрлі акциялар, семинарлар, дебат сайыстарын өткізуді міндеттеді.

Ведомствоаралық мәжілістің қорытындысына сәйкес, комиссия жұмысын жүйелі жүргізуге бағытталған жұмыстарды үйлестіру аудан әкімінің орынбасары К.Бержановқа және тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімі аппаратының басшысы Н. Бохаевқа жүктелді.

БӨЛІСУ