Бүгін шаһар басшысы Асылбек Шаменовтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтіп, маңызды жиынның күн тәртібінде үш мәселе қаралды.

Алғашқы тақырып – суға түсу маусымына дайындық жұмыстары және қала бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов қала аумағындағы су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде азаматтардың түрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырап, оның ішінде суға түсу маусымында судағы адам қазасының жиі орын алатындығын жеткізді. Мәлімет бойынша, өткен жылы 12 адам суға кеткен, оның 6-ы бала. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы дейді басқарма басшысы. Бұл жағдайларға байланысты халық арасында және барлық мектептің оқушылары мен ата-аналарының WhatsApp желісі арқылы күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімі Асылбек Шаменов түсіндірме жұмыстарынан бөлек, барлық сала өзен жағалауларына, каналдар бойына күнделікті рейдтік шараларын ұйымдастыруы керек деді. Оған байланысты арнайы кесте бекітуді тапсырды.

Бүгінде қалада әскерге барудан жалтарып жүрген жастар жетерлік. Статистикалық ақпарат, әскерге шақырылуға 7 453 азамат кіреді. Оның 189-ы іздеуге жатқызылған. Яғни, олар биылғы көктемгі әскерге шақырылудан жалтарып жүргендер. Жаңадан тағайындалған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың басшысы Бауыржан Асанов бұл бағытта ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Шаһар басшысы Асылбек Өмірбекұлы басқарма басшысына нақты шараларды қолға алып, түсіндірме жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

Оқу жылының аяқталуына да аз уақыт қалды. Оған қатысты қандай шаралар ұйымдастырылады және алдағы каникулда балалар демалысын қалай өткізеді? Осы мәселе бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов баяндама жасады.

Биылғы жылы «Балабақшамен қоштасу», «Бастауыш сыныппен қоштасу», «Негізгі сыныпты бітіру», «Соңғы қоңырау», «Аттестат тапсыру» кештерін өткізу барысында ата-аналардан ақша жинауға, білім беру ұйымдары мен педагог қызметкерлеріне сыйлықтар беруге қатаң тиым салынды. Сондай-ақ, мектеп бітіру кештері міндетті түрде мектеп қабырғасында және ауласында барынша қарапайым түрде өткізілуі керек. Үйлер мен мейрамханаларда, ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізу және бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына, білім алушылардың табиғат аясына серуендеуіне, өзен-көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне жол берілмейді. Қазірде ата-аналардың барлығына түсіндірме жүргізілуде.

Алдағы уақыттағы балалар мен жасөспірімдердің жазғы маусымдағы демалысын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Бірінші кезекте мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар қамтылады.

Балаларды сауықтыру “Дария”, «Зерентай» және «Аңсар-Кәусар» ЖК, «Сыр Төресі», Жаңақорған ауданында орналасқан мемлекеттік кәсіпорын «Талды су» тынығу лагерьлері арқылы ұйымдастырылады. Жалпы міндетті оқу қоры есебінен 2 500 баланы демалдыру жоспарланып отыр.

Ал, демеушілер мен инвесторлар есебінен аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 200 бала «Арай-санрайз» лагеріне барады. Сонымен қатар, мектептер жанынан күндізгі тынығу лагерлері ашылып, 2 386 оқушы 2 ауысымда жатын орынсыз, ыстық тамақпен қамтылады.

Қала әкімі Асылбек Шаменов сала басшысына балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда жұмыстарды жүйелеп, бақылау шараларын күшейтуді жүктеді.

БӨЛІСУ