Бас Прокурор құқық қолдану практикасында жасанды интеллектті пайдалану мәселелері туралы халықаралық конференцияға қатысты
Бүгін Жоғарғы Сотта «Жасанды интеллект және үлкен деректер (Big Data) сот және құқық қорғау жүйесінде: шындық және уақыт талабы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, жоғары оқу орындарының өкілдері, Парламент депутаттары, ғалымдар, Өзбекстанның, Ресей мен Беларусьтің жетекші заң университеттерінің сарапшылары қатысты.
Жиналғандарды Жоғарғы Соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев, Бас Прокурор Берік Асылов, Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Әзімова, ТМД елдері бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің атқарушы хатшысы Владимир Зимин, сондай-ақ Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фробарт Фолькер қарсы алды.
Конференцияға қатысушылардың өкілді құрамы, оның ішінде жетекші отандық және шетелдік мамандар мен практиктерге пікір және тәжірибе алмасуға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.
Қадағалау органының басшысы талқыланатын проблематиканың өзекті екенін, құқық қолдану практикасына цифрлық технологияларды енгізу қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтарды жедел ашу және объективті тергеу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Спикерлер цифрландыру бүгінде мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің жоғары сұранысқа ие және перспективалы бағытына айналғанын атап өтті.
Ғылыми-практикалық пікірталастар шеңберінде қылмыстарды тергеуде, сот ісін жүргізуде, жалпы заң практикасында, ауқымды деректерді халықаралық-құқықтық реттеуде цифрлық технологияларды (Big Data) қолдану мәселелері қамтылды.
Цифрлық технологияларды енгізу құпия мәліметтерді жария ету және оларды құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалану тәуекелдерін болдырмау үшін адам құқықтарын сақтау және дербес деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету контекстінде ақпараттық технологиялар саласындағы заманауи тәуекелдер мен қауіптер, корпоративтік алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мақсатында ауқымды деректерді (Big Data) пайдалану мүмкіндіктері, «Даркнет» технологияларын пайдалана отырып жасалған қылмыстарды тергеу ерекшеліктері қарастырылды.
Қатысушылар шара соңында осы бағыттағы ынтымақтастықты қарқынды түрде арттыруға келісті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі