Бүгін облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен қаламыздағы Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицейінде төтенше жағдайдың алдын алу және одан қорғану шаралары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге ішкі істер, төтенше жағдайлар департаменті мен терроризмге қарсы орталық мамандары және білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер қатысты.
Оқу-жаттығу барысында «Білім беру объектілерінде терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» аясында бекітілген алгоритмдер тәжірибе жүзінде пысықталады. Сондай-ақ, мектеп ұжымына терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі алгоритмдер нұсқамасы беріліп, тиісті деңгейде орындалуы қадағаланады. Оқушыларға нұсқау беріліп, қызметкерлер мен білім алушыларды жедел эвакуациялау ұйымдастырылды. Техникалық құралдардың яғни, дабыл түймесі, турникет және бейнекамералардың жұмыс істеуі және дабыл түймесі арқылы шақырылған жағдайда жеке күзет ұйымының жедел әрекет етуі тексерілді.
Техникалық құралдардың тұрақты жұмыс істелуін, қауіп төнген жағдайда оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлердің қауіпсіздікті сақтап, жедел әрекет етуіне бағдарлауды мақсат еткен шаралар аймағымызда 20 мамырға дейін барлық білім беру ұйымдарында жүргізілетін болады.
©Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі