Адам саудасына қарсы күрес – еліміздің адам құқықтарын қорғау саласындағы басым міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында Ішкі істер министрлігі Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен бірлесіп, адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде форум ұйымдастырды.

«Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын таныстыру және осы саладағы халықаралық стандарттар мен шетелдің үздік тәжірибелерін талқылауға арналған жиынға Президент Әкімшілігі өкілдері, депутаттар, ғылыми қоғамдастық, халықаралық, үкі­мет­тік емес ұйымдар және мүдделі мем­лекеттік органдардың өкілдері қатысты. Олар аталған заң жобасымен қатар ІІМ Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасы арқылы адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін жан-жақты талқылады.

Ішкі істер министрі Марат Ах­мет­­­жа­нов еліміз әлемдегі адам құ­қық­тары сала­сындағы 60-тан астам шарттың толыққанды қатысушысы екенін атап өтті. Ол шарттардың 13-і – қазіргі заманғы құлдық түр­ле­ріне тікелей қатысты құжаттар. Министрдің айтуын­ша, бұлардан бөлек осы саладағы іс-әрекеттер көп­те­ген заңдармен және мемлекеттік органдардың бұйрықтарымен рет­теледі.

– Адам құ­қық­тары саласындағы заңдық құжаттар бүгінгі күнге дейін шашыраңқы болып келді. Құрбандарды былай қойғанда, мемлекеттік орган­дардың қызметкерлері де толық­қан­ды құқықтық ақпаратқа ие емес еді. Жауапкершілік жүгі де анық жазылмаған. Тіпті уәкілетті орган­дар мен олардың құзыреттілігі де нақтыланбаған болатын. Осы кемшілікті жою мақсатында Мем­ле­кет басшысының тапсырмасымен министрлік «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірледі, – деді Марат Ахметжанов.

ІІМ басшысы берген мәліметке қарағанда, жоба 6 тараудан және 22 баптан тұрады. Жаңа құжатта адам саудасына қарсы күрестегі халықаралық тәсіл – 4 Пи (Р) тұжы­рым­дамасы басшылыққа алынған. Олар: серіктестік, ескерту, қудалау және жәбірленушілерге көмек тұжы­рымдары.

– «Серіктестік» бағыты бойынша тұңғыш рет заң деңгейінде ІІМ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан уәкілетті органдар айқындалады. Олардан басқа мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-ның, мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалардың функциялары бекітіледі. «Ескерту» бағыты бойынша адам саудасының алдын алу жұмыстарына баса назар аударылмақ. Осы қылмысқа алып келетін тәуекелдер зерделеніп, құқық бұзушылыққа ықпал ететін себептерді іздеу бойынша зерттеулер жүргізіліп, оларды жоюға бағытталған шаралар қабылданады, – деді Ішкі істер министрі.

Марат Ахметжанов «Қудалау» бағыты бойынша қылмыстық заң­на­маға адам саудасына қатысты бар­лық қылмыстар, соның ішінде мәж­бүр­леп­ еңбекке салу, жыныстық қанау және адам ағзаларын алумен байла­ныс­ты құқық бұзушылықтардың жауап­кершілігін көздейтін сілтеме нор­масы енгізілетінін айтты. Ал «Жәбірленушілерге көмек» бойын­ша қылмыстық іс қозғалған-қоз­ғал­мағанына қарамастан «адам сау­да­сы­ның құрбаны» ұғымы заңды түрде анық­талмақ.

– Сонымен бірге заңдардың ілеспе жобалары әзірленді. Атап айтқанда, «Неке және отбасы туралы» кодекс­те жаңа туған нәрестелердің, жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау күшейтіледі. Қылмыстық кодекске адам саудасына байланысты қылмыстардың жаңа санаты енгізіледі. Ал Қылмыстық іс жүргізу кодексі жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтер алу құқығымен толықтырылады, – деді министр.

Оның айтуынша, адам саудасы­ қыл­мыстары қазір тек біздің елі­міз­ді ғана емес, әлемнің барлық мем­лекетін алаңдатып тұр. «Жыл сайын елде осындай 100-ден­ астам қылмыс тіркеледі. Жыл бас­тал­ға­лы бері 65 құқық бұзушылық тір­ке­ліп, ұйымдасқан қылмыстық топ анық­та­лып,­ қызметі тоқтатылды», деді ол.

Форум барысында ІІМ Ұйым­дас­қан қылмысқа қарсы күрес депар­таментінің бастығы Қанат Нұр­мағамбетов «Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­да адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын толықтай таныс­тырып шықты. Сонымен бірге үкі­меттік емес ұйымдар тарапынан «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанова «Қазақстан Республикасындағы адам саудасы жағдайына шолу: үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесі», Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым өкілі Виктория Климова «Адам саудасымен­ байланысты әрекеттерден зардап шеккен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – құқықтық мемлекеттің маңызды негізі» тақы­рып­тарында баяндама жасады.

Жиында басқа елдерде қолға алын­ған­ адам саудасына қарсы күрес бағы­тын­­дағы халықаралық стандарттар мен­ үздік тәжірибелер талқыланды. Қаты­­сушылар осы саладағы құқық бұзу­­шылықтарды анықтау және алдын­ алу бойынша ақпараттық жұ­­­мы­­с­­­­­­ты­, профилактикалық іс-шара­ларды жал­ғастыру қажеттігі туралы пікір алмасты.

ЕСКЕНДІР ЗҰЛҚАРНАЙ

БӨЛІСУ