7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі күні, 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Төретам кентінде Жәрімбет би атына көше атауы берілді.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек және Байқоңыр қаласы Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Вербицкий қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Халық тағдырын өз тағдырынан жоғары ұстаған Жәрімбет би-әулие көзінің тірісінде Төретам кентінің аумағына өз ұрпақтарын қоныстандырып, келешекте бұл жерде дүние жүзіне танымал, үлкен қала болатынын айтып кеткен. Бүгінде қанатын кеңге жайған баба ұрпақтары еліміздің дамуына адал қызмет атқарып келеді.
Би аты берілген көше Төретам кентінің кіре беріс көшесінен Жанқожа батыр көшесінің қиылысына дейінгі аралықтағы 461 метрді қамтиды, сонымен қатар кенттегі инфрақұрылымы жақсы дамыған орталық көшелердің бірі.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Мереков, әулие ұрпақтары атынан облыстық мәслихат депутаты Ә.Шаймағанбетовтер сөз сөйлеп, абыз ақсақал батасын беріп, «Жәрімбет би» атындағы көшеге қойылған стелланың лентасы қиылды.
Шара соңында Жәрімбет бидің ұрпақтары мен аймақтың жасы үлкен ақсақалдарының қатысуымен барша тұрғындар Баба рухына арнайы ас беріп құран бағыштады.

БӨЛІСУ