Сот орындаушыларының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істерді қараудың сот практикасына талдау жарияланды.

Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2021 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтуға байланысты әкімшілік істерді қарау бойынша сот практикасын талдаған.

Сот практикасын зерделеу заңнаманы қолдану бойынша түсіндіруді, бірыңғай сот практикасын қалыптастыруды және заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды талап ететін мәселелерді анықтауға бағытталған.

Талданып отырған кезеңде республика соттарына 9 мыңнан астам талап қою арызы келіп түскен, олардың айтарлықтай өсуі не азаюы байқалмайды.

ӘРПК-нің шеңберінде оның 8 мыңнан астамы (90,5%) :
– шешім шығарумен –2 мыңнан астам (33,7%),
– талап қоюлардың қайтарылуымен – 3 мыңнан астам (37%),
– тараптардың татуласуымен –2 мыңнан астам (28,8%),
– соттылығы бойынша жіберілуімен – 69 (1%) аяқталған.

Іс жүзінде 5 мыңнан астам (68,4%) даулар сотта азаматтардың пайдасына шешілген және соттан тыс тәртіппен реттелген.
Статистикадан басқа, Талдау процестік ерекшеліктерін, әкімшілік соттарға талап қоюлардың ведомстволық бағыныстылығы мәселелерін, сондай-ақ соттардың ден қою шараларын, даулар санаттарын және т. б. көрсетеді.

Талдау нәтижелері бойынша соттар негізінен материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын дұрыс қолданатындығы анықталған.

БӨЛІСУ