“Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді” демекші ғасыр жасаған Яхия Тасыров атамыз аймақтың ең күрделі деген салаларына жетекшілік ететін ең жас орынбасар Балмейір Сансызбайұлына ақ батасын берді. Аймақ басшысының орынбасары өз кезегінде Нұрлыбек Мәшбекұлының құттықтауын жеткізіп, құрмет көрсетті.

Ұлы Отан соғысының ардагері Тасыров Яхия 1922 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы, Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген.

Ташкенттегі тоқымашылар оқуын оқып, 1940 жылы тоқыма фабрикасына мастердің көмекшісі болып жұмысқа орналасқан. 1941 жылдың аяғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынған. Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазан айында майданға жіберілген. Соғыс жылдарында Сталинградты, Курскіні, Барановты, Польшаны жаудан азат етуге қатысқан. Данцинг портында аяғынан ауыр жараланды. Соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылы қыркүйек айында елге оралған. «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ұлы Отан соғысы» І, ІІ-дәрежелі ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдығы медальдарымен марапатталған.

Бейбіт өмірге араласқаннан кейін аудан орталығындағы сүт заводында 16 жыл қойма меңгерушісі, 1960 жылы Жалағаш ауданының сүт заводында мастер, 1962 жылы ауылға келгеннен кейін Узтопта 10 жыл қойма меңгерушісі болып жұмыс жасаған. 1972-1982 жылдар аралығында ПМК-1608 мекемесінде, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан.

Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», ардақты ардагер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ауданда өткізілетін барлық іс-шараларға қатысып, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиелі болуына өз үлесін қосып келеді.

БӨЛІСУ