Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Майлыбас ауылдық округінің орталығы – Ақсуат ауылы мен Байқожа елді мекенінің аралығындағы Байқожа топтық су құбырының сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Жобаның басты мақсаты – Қазалы ауданының 9 елді мекенін сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және тұрмыстық жағдайын жақсарту. Бұл қатарға Әйтеке би кенті, Алтай, Ойынды, Көбек, Қызыләскер, Майлыбас, Еңбекшіқазақ, Байқожа және Ақсуат ауылы кіреді. Шаруаға жауапты мердігер мекеме – «ТемірСтрой сервис и Ко» ЖШС-і.

Құрылыстың сапалы әрі тиянақты болуын айтқан аудан басшысы аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев пен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановқа нысанның ұдайы қадағалауда болуын тапсырды.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы Ақсуат ауылындағы жөндеуден өткен спорт алаңының жайынан хабар алып, жастардың денсаулығы үшін спорт алаңдарының маңызы зор екенін тілге тиек етті.

Былтыр шағын қалаларды дамыту аясында қаланың электр желілері қайта жаңғыртылып, 13 көше жарықтандырылып, 12 ішкі көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы қаладағы көше жолының жағдайы жаман емес. Бұдан бөлек қала тұрғындарын қуанышқа бөлеген 140 орындық «Өрімтал» балабақшасының лентасы қиылды. Ү.Түктібаев көшесінен шағын футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Жаңа спорт кешенін салу үшін де жобасы әзірленген. Ал алға қойған мақсат-міндеттер жетерлік. Атап айтқанда, биыл қала ішіндегі 15 көше жөнделді. Тағы 10 көшені қайта жаңғырту мен 26 көшенің электр желілерін жаңартудың жоба құжаттары дайындалмақ.

Сонымен қатар Қазалы қаласынан жалдамалы 10 арендалық тұрғын үй құрылысын салу жоспарланған. Дайындалған жобалар облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына ұсынылды. Б.Қосаев көшесінен спорт ойын алаңы салынып, М.Ерлепесов көшесіндегі спорт алаңы жөнделеді. Қазалы қаласындағы 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісін тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленеді. Бір қуантарлығы, тапсыру мезгілінен асып кеткен қала мен кент арасындағы төрт жолақты жол жұмыстары осы жылы аяқталады деп күтілуде.

БӨЛІСУ