Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігі мәселесіне арналған жиында: Қызылорда, Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдайды тілге тиек етіп, Алматы облысындағы жантүршігерлік оқиғаға алаңдайтынын айтты.

«Министрлік бұл жағдайды кейбір жасөспірімдер арасындағы шектен тыс зұлымдықтың, қатыгездікдің көрінісі деп есептейді. Мұндай оқиғалар ешбір жерде, ешбір уақытта болмауы тиіс, қайталанбауы қажет! Бұл жағдайға қатысты қылмыс жасағандар заң тәртібінде қатаң жауапкершілікке тартылуы керек! Біз мұны қадағалаймыз», – деді ол.

Барлық аймақтың білім беру басқармаларының, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің, аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшылары мен құқық қорғау органдары, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысқан жиын барысында министр Алматы және Түркістан облыстарында мерт болған оқушылардың ата-аналарына, туған-туыстарына көңіл айтты.

Ведомство басшысы министрліктің бірден балалардың құқығын қорғау уәкілдері, аймақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттері, психологтер, полиция және денсаулық сақтау саласының өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрып, жедел әрекеттер жасағанын атап өтті. «Қазіргі кезде комиссия өзінің жұмысын жалғастырып жатыр. Ішкі істер министрімен сөйлестім, құқық құрғау органдары жағынан да жедел әрекет ету жұмыстары жүргізіледі», – деді ол.

Осы орайда ол, білім беру саласындағы негізгі міндет балаларға қауіпсіз және қолайлы ортаны құру үшін қажет әрекеттерді қамтамасыз ету екенін айтты.

«Бала құқығының бұзылуына жол бермеуіміз керек», – деген Ғани Бейсембаев білім басқармасы, аудандық және қалалық білім беру бөлімдері басшылары тәрбие жұмысы бойынша жеке жауапкершіліктерін күшейтуі тиіс екенін, білім беру ұйымдарының бәрінде сабақ уақытында, сабақтан тыс уақытта оқушыларды мейірімділікке, адамгершілікке, қамқорлыққа, бірлікке, бірін-бірі қолдауға шақыратын іс-шаралар өтуі қажет екенін айтып, барлық өңірлерде ата-аналармен жұмысты жүйелі түрде күшейтуді, сондай-ақ балалар арасында қандай да құқықбұзушылықты алдын алуда ведомствоаралық, оның ішінше құқық қорғау, халықты әлеуметтік қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары арасында өзара байланысты нығайтуды тапсырды.

Бұған қоса, министр ата-аналарға, балаларға қатысты үндеу жасады.

«Құрметті балалар, келесі сөзімді сендерге арнағым келеді. Барлығыңды ата-аналарың әлпештеп өсіріп жатыр. Бір-бірлеріңе қатыгездік жасауға жол бермеу керек. Егер жәбір көріп немесе жәбірлеудің куәгері болсаңдар, бірден көмекке шақырындар. Әр өңірде біз бала құқықтарын қорғайтын өкілдерді тағайындадық. Министрліктің Бала құқықтарын қорғау комитеті тәулік бойы сендерге қызмет атқарады. Тиісті байланыс нөмерлерін білесіңдер», – деді ол.

Abai.kz

БӨЛІСУ