Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен кезекті әкімдік мәжілісі өтті. Мәжіліске дербес бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде «Ауыл – Аманаты» бағдарламасының барысы және 2022 – 2023 оқу жылын аяқтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы мәселелер қаралды.

Алдымен аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов халықтың табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның тетіктері мен ерекшеліктеріне тоқталып, жеңілдетілген несие туралы түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
Өз кезегінде аудан әкімі бұл бағдарламаны әлі де болса тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды, сондай-ақ қала, кент, ауылдық округ әкімдері барлық жоба бастамашыларының құжаттарына сүйемелдеу мен қажетті көмек көрсету шараларын қабылдау қажеттігін айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова баяндады.
Баяндамада аудан оқушыларын жазғы кезеңде сауықтыру, демалыс мезгілдерін жаңаша қолдану және мәдениетін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды.
Сонымен бірге, жаз айларында келеңсіз жағдайлардан сақтану оның ішінде өрттен, суға түсудегі қауіпсіздік шаралары, тамақтардан уланудан қорғану, жол-көлік оқиғаларынан абай болу жолдарын үйрету, оның алдын алу мақсатында білім беру мекемелерінде оқушыларға және олардың ата-аналарына онлайн, офлайн негізде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Хабарламашыдан кейін сөз алған аудан әкімі аудандық білім бөлімі қала кент ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс кезеңінде мектептен тыс үйірмелермен қамтамасыз етуді, балалардың белгіленген аймақта суға түсу барысында сақтық шараларын қатаң сақтауын қамтамасыз етуді жүктеді.
Сондай-ақ мектепті бітіруге арналған шараларды ұйымдастыру үшін ана-аналардан ақша жинамауды, ата-аналар тарапынан сыйлықтар берілуіне жол бермеуді және мектеп қабырғасында болатын шараларды қолда бар мүмкіндіктерімен ұйымдастыру керектігін айтты.
Сонымен қатар мектеп оқушылары арасындағы топтық төбелестердің орын алу факторларының көбісі түнгі уақыттарда ойын-сауық кешендерінде болады. Осы мәселелерді назарға алып, алдағы жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер көп шоғырланатын орындарды аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп қатаң бақылауға алып, рейдтік жұмыстарды ұдайы жүргізу қажеттігін тапсырды.

Әкімдік мәжілісінде талқыланған екі мәселе бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалау аудан әкімінің жауапты орынбасарларына тапсырылды.

БӨЛІСУ