Бұл туралы VIII шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс 2-ші сессиясында аудан әкімі Нұржан Ахатов айтты.

«Бүгінде ауданымыздағы электр желілері 72 пайызға тозған. Әсіресе, өткен ғасырдың 60-шы жылдарында пайдалануға берілген барлық дерлік желілер мен қосалқы станциялар жағдайы сын көтермейді. Сондықтан, энергия тапшылығы проблемасын шешу үшін ауданымызда өткен жылы 22 ауылдық округтерге электр-энергиясының қуатын арттыру үшін қосалқы станция орнатуға аудандық бюджеттен 79,2 млн теңге қаражат бөлініп, барлық ауылдық округтерге трансформаторлар алынды. Бүгінгі таңда аталған трансформаторлар аудандық КРЭК мекемесінің көмегімен түгелдей орнатылды.

Биылғы жылға кенттің ішкі желілерін қайта жаңғыртуға құны
808 млн теңге болатын жоба әзірленіп, қазіргі таңда республикалық бюджеттен 100 млн теңгесі бөлінді. Жыл аяғына дейін қаражат толықтай бөлініп, кенттің электр желілері жаңартылатын болады. Алайда, жауапты мекемелер мұнымен шектеліп қалмай, 2024 жылдан бастап, жыл сайын бірнеше ауылдық округте электр жүйелерін толығымен ауыстыруға күш салуы қажет», – деді аудан әкімі.

Сессияның күн тәртібіне аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 21 желтоқсандағы «2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қойылып, бұл мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дәуренбек Жакеев хабарлама жасады. Баяндама барысында Дәуренбек Жакеев өткен жылдан үнемделген 1 млрд 247 млн 686 мың теңге қаражаттың бағытталатын бағыттарын айтып, мәслихаттың мақұлдауына ұсынды.

Келесі кезекте, аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Насриддинұлы сөз алып, аудандық мәслихаттың регламентін бекіту, «Шиелі ауданының мәслихат аппараты» ММ-нің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту, аудандық мәслихаттың 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын өзгерістер енгізу тақырыптары бойынша хабарлама жасап, мәслихат депутаттары дауыс берді.

Мұнан соң, әлеуметті көмек тақырыбында Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов, жер комиссиясының құрамы мен комиссия ережесін бекіту, Шиелі ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 14 қарашадағы «Шиелі ауданының елді мекендеренің шекараларын өзгерту туралы» қаулысы мен шешіміне өзгерістер енгізу жобасын бекіту тақырыптарында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков баяндады.

Күн тәртібіне қойылған соңғы 3 мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов хабарлама жасап, бірнеше ауылдық округтердегі көшелерге атау беру мәселесі жөнінде сөз қозғады.

БӨЛІСУ