​Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын. Бұл бағытта аймақтың бас қаласында жүйелі жұмыстар жасалуда.

Саланың өзекті мәселелері қала әкімі Асылбек Шаменовтың жіті назарында. Шаһар басшысы ай сайын кәсіпкерлерді салалық мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныстарға байланысты нақты шараларды жүзеге асыруда. Осы бастама аясында жыл басынан бері 100-ге жуық кәсіп бастауға ниетті, кәсібін дамытуды көздеген азаматтар қабылдауға келіп, олардың түрлі мәселелері тыңдалды.

Кәсіпкерлерді салалық мәселелер бойынша қабылдаудағы негізгі мақсат – олардың қызметіндегі кедергілерді азайту. Жалпы, жеке кәсібін ашып, өз ісін дербес жүргіземін деген азаматтар қашан да қолдауға, көмекке мұқтаж келеді. Себебі, заңнамалардағы өзгерістер, нормативтік құжаттардағы толықтырулар секілді үдерістерді әрдайым назарда ұстау қиынға соғатыны белгілі.

Шағын және орта бизнес үшін де салықты қайда, қалай төлеймін, субсидия алу үшін қандай құжаттарды толтыру керек, жеңілдетілген несие қандай жағдайда беріледі деген секілді кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұмат алу маңызды. Сондықтан, кәсіпті жаңа бастаған және бұл бағытта шаруасын жүйелеген азаматтар мұндай қолдауларға ризашылықтарын білдіруде. Сондай бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бүгінгі таңда, аталған бағдарламаға қатысуға ниетті қызылордалықтар бизнес-жоспарларын әзірлеп, құжаттарын рәсімдеуде. Несие беру маусым айына жоспарланып отыр.

Бүгінгі қабылдауға келген кәсіпті жаңадан бастаушы азаматтар бизнес жоспар әзірлеу, мемлекеттік грант алуға үміткер болу, кәсібін кеңейтуді мақсат еткендер қосымша қолдау, жер телімі, ғимаратты жалға алу, әкімшілік кедергілерді жою бойынша сауалдарына жауап алды.

Қала басшысының кәсіпкерлерді салалық мәселелері бойынша қабылдауы ай сайын жалғасын тауып, кәсіпкерлердің талап-тілегі ескеріліп, аймақтың бас шаһарының дамуына жол ашатын тың, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіледі.

Айта кетсек, мемлекет тарапынан жыл басынан бері қала бойынша 2 млрд. теңгені құрайтын 199 жоба қолдау алып, 219 жұмыс жаңа орындары құрылды. Ал, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 12 386 бірлікке артты. Сонымен бірге, шағын және орта бизнесте өндірілген өнім көлемі 471 млрд. теңгені құрады.

БӨЛІСУ