Бүгін «InnoFest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалінің «Контент&Медиа» секциясының жеңімпазы Темірболат София Хайруллақызының «Cyber City хикаялары» атты комикс кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Айта кетсек, фестиваль Қызылорда облысының әкімі Н.М. Нәлібаевтың қолдауымен облысымызда 2022 жылдың 17-18 желтоқсан күндері өткен болатын. «InnoFest» Qyzylorda – «SmartСity», «Контент&Медиа», «Кино&Видео» бағыттары бойынша 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін инновациялық жобаларды жасауды мақсат ететін іс-шара. Фестивальдің негізгі мақсаты – «Ақылды қалалардың» эталондық стандартына сәйкес жобаларды анықтау, облыс тұрғындарының IT-саласына қызығушылығын арттыру және инновациялық IT жобаларды қолдау.

Жастар Ресурстық Орталығында өткен іс-шараға Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Ибадулла Сабит, Жастар Ресурстық Орталығы директоры Тілес Талғат, «Қазақстан IT мамандары ассоциациясы» директоры Құлмырзаев Нұрлан және білім беру ұйымдарының өкілдері мен оқушылар қатысты.
Шара барысында Сабит Ибадулла IT бағыттағы жобаларға тоқталып өтті және жаңа кітаптың тұсаукесерімен Темірболат Софияны құттықтап, алдағы уақытта да жаңа жобалардың болатындығына сенім білдірді.

Өз кезегінде кітаптың авторы «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі секілді байқаулар жастарға үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтіп, байқау ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

«Cyber City хикаялары» комикс кітабы – тынымсыз ізденістің нәтижесі. Балаларға қауіпсіз киберкеңістікті оқытуға арналған. Кітаптың таралымы – 500 дана. Алдағы уақытта кітаптың басқа да бөлімдері жарыққа шығатыны атап өтілді.

Сондай-ақ, София Хайруллақызы өз комикс кітабын Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №19 кітапхананың қорына, еріктілер ұйымының мүшесі ретінде Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы, «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорына сыйға тартты.
Аталған кітапты қаламыздағы Kitapal дүкенінен сатып алуға болады.

БӨЛІСУ