Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен салық базасын ұлғайтуға байланысты мәжіліс өтті. Мәжіліске дербес бөлім, мекеме-кәсіпорын басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе аудан бойынша 2022-2024 жылдарға арналған салық және бюджетке төленетін төлемдердің резервтерін анықтау жөніндегі алгоритм бойынша атқарылған жұмыстар туралы Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров хабарлама жасады.
Мұнан соң аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиев салық салу базасын ұлғайту бойынша жұмыс тобының І тоқсанға атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Бөлім басшысының айтуы бойынша, ауданда салық базасын ұлғайту жөнінде 2 бағытта жұмысшы топ құрылған. Осыған сәйкес қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне қосымша кіріс көздерін анықтау бойынша іс-шара жоспары бекітіліп, жұмыс жасауда.
Хабарламаларды тыңдаған Мұхтар Әуесұлы салық базасын ұлғайту бойынша белгіленген жоспардың толық орындалуы тиіс екенін атап айтты. Сондай-ақ, ең маңызды жұмыс алгоритм бойынша жұмыстарды сапалы жүргізу, кіріс көздерін ұлғайту мақсатында алып берілген арнайы планшеттерді тіркетіп, жұмыс жасау мәселелерін көтерді.
Аудан басшысы бюджетке кіріс түсірудің жолдары өте көп екенін айта келіп, «Туған жерге демеу» акциясы аясында әрбір ауылда туып өскен кәсіпкер азаматтардың туған жерге көмек көрсетуін үйлестіруге болатынын айтты.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің аталған мәселе бойынша көрсеткіштері сараланып, берілген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамаған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды.

БӨЛІСУ