Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық сала бойынша тақырыптық қабылдау өткізілді. Қабылдауға қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Қабылдау барысында Қызылорда қаласы, Назарбаев 2а көпқабатты үйдің тұрғындары жертөлесі суға толғанын айтып, жертөледегі канализациялық трубаны жөндеу жұмыстарына көмек сұрады.

Келушілерге жөндеу жұмыстарын осы жартыжылдықта жүргізу қажеттілігі, тұрғын үйге барып, ақау актісін әзірлейтіні түсіндірілді. Қажетті құрылыс материалдарын сатып алса, жөндеу жұмыстарына көмек көрсетілетіндігі айтылды.

Әйтеке би 26 көпқабатты үй тұрғыны пәтеріндегі жылу мәселесіне қатысты шағым білдірді.
Тұрғынның мәселесі бойынша бөлім қызметкерлері тарапынан арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, көмек көрсету мүмкіндіктері қарастырылатын болды.
Сонымен қатар, Атамекен көшесінің тұрғындары көшеге тас жол төсеу бойынша өтініш білдірді.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі бөлімінің қызметкерлері аталмыш көше тас жол төсеуді қажет ететін көшелер тізіміне енгізілгенін және алдағы уақытта тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленетінін жеткізді.

БӨЛІСУ