Skip to content

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ КҮН ТӘРТІБІНДЕ ӨЗЕКТІ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов «Бизнеске жол» жобасын іске асыруға тағы кімдер атсалысып отырғанын айтты.

Спикердің сөзінше, таяуда ғана комплаенс қызметті, типтік ережені агенттік бекітеді деген заңға өзгерістер енгізілді. Комплаенс қызметтің жұмысын жетілдіру бойынша комплаенс қауымдастығы жұмыс істейді. Мемлекеттік емес ұжымдар да осы жұмыстарға өзінің тиісті үлесін қосып отыр.

Сонымен қатар С. Ахметжанов журналистің ішкі істер органдары қызметкерлерінің парасаттылығын тексерудің қалай жүріп жатқаны туралы сұрағына жауап берді.

Ол үшін 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына сәйкес, Іntegrity check, Integrity scan деген халықаралық тәжірибені қолданыла бастаған. Соның арасында осы құқық қорғау жүйесінде алдымен агенттіктен парасаттылықты анықтау басталған. Бұл жұмысты әрі қарай Ішкі істер министрлігі жалғастырды. Қазіргі таңда оның тарапынан осы жұмыстар атқарылуда.

«Бұл арнайы тексеру емес, осы парасаттылықты анықтайтын жалпы ашық кейстер. Оның ішінде Конституция нормаларына қайшы келетін шаралар жоқ. Ол – халықаралық тәжірибе. Қазір ІІМ-де осының арқасында парасаттылық нәтижесі жоғарылады деп айтуға болады», – деді агенттік өкілі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бизнесті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударып отырғанын жеткізді. Жаңа Парламент сессиясының ашылуында Президент іскерлік белсенділікті ынталандыру, сондай-ақ еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс шағын және орта бизнесті қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және бизнесті қорғау үшін агенттік жыл басынан бері жаңа «Бизнеске жол» жобасын іске қосты. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп іске асырылып жатқан жоба кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешіп, оларға қолдау көрсетуді көздейді.

«Біз бизнеспен күнделікті кездесулерде олардың қалыпты жұмыс істеуіне ненің және кімнің негізсіз кедергі жасап отырғанын анықтаймыз. Осы мәселені талқылап, атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жаңа басталған бизнестің, орта бизнестің болашағын, тиімділігін арттыруға атсалысамыз», – деді С. Ахметжанов.

Қазірге дейін жоба аясында 7 мың кәсіпкермен кездесу өткізілген, кәсіпкерлерден жалпы 600-ге жуық шағым түскен, сол шағымдар бойынша 242 мәселе қанағаттандырылған, басқа шағымдар бойынша жұмыстар жалғасуда. 6 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалды. 47 лауазымды тұлға бизнеске кедергі жасаған әрекеттеріне сәйкес әкімшілік және басқа да жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар Превенция қызметінің басшысы адал кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауға жол бермеуге баса назар аударылатынын айтты. Аумақтық департаменттер берілген алгоритм бойынша кәсіпкерлерге байланысты барлық тергеу амалдарын тек орталық аппаратпен келісіп атқарады.

«Өткен жылдың маусым айынан бастап бизнеспен жүргізілген 5,5 мыңнан астам іс-қимыл туралы аумақтардың 996 қорытындысы қаралды. Аталған шаралар тергеуге зиян келтірместен, кәсіпкерлерді 900-ге жуық тергеу әрекеттерінен қорғауға мүмкіндік берді», – деді басшы.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтерді шақыртуы үш есе қысқарған. Осы мәселе бойынша қандай да бір сұрақтары туындаған кәсіпкерлер 1424 колл орталығына хабарласа алады, деді ол.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілі бизнесті қалыпты жүргізуге кедергі келтіріп отырған әкімшілік кедергілерді еңсеруден нақты мысалдар келтірді. Қостанай облысында өткен жылдың қараша айынан бастап әкімдік кәсіпкерге жерді жалға алу мерзімін ұзартуға кедергі келтірген. Себебі формалды болып шықты.

«Әкімдік учаскенің шекаралары 30 см-ге бұзылған деген, бірақ іс жүзінде ешқандай өлшеу жұмыстары жүргізілмеген. Сонымен қатар кәсіпкер бұл учаскеде шамамен 20 жыл жұмыс істеген және жалға алуды бірнеше рет ескертусіз ұзартқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган араласқаннан кейін ғана жалға алу мерзімі ұзартылды», – деді спикер.

Қарағанды облысында кәсіпкер 10 жыл бойы жекеменшік дәмхананы жылумен жабдықтауға техникалық шарттарды ала алмаған. Әкімдік қажетті қуаттың болмауын себеп етіп, бас тартқан. Агенттік департаментінің сұрауынан кейін «ТеплоТранзитКараганда» ЖШС жылуға қосу үшін қуат жеткілікті екенін және кәсіпкерге техникалық шарттардың берілгенін хабарлады. Мұндай мысалдар өте көп.

Жер учаскелерін жалға алу мерзімін ұзарту мәселелері өзекті тосқауыл болып қала береді. Талдау көрсеткендей, бұл мәселені комиссиялар қарайды, олар келіп түскен өтінімдерді қарау мерзімдерінің кезектілігі мен ұзақтығын сақтау мәселелеріне мән бермейді. Әкімдік қызметкерлері қолданыстағы заңнаманың нормаларын қате түсіндірген.

Осыған байланысты агенттік жер қатынастары саласындағы уәкілетті орталық органнан осы нормаға қатысты түсініктеме сұрады. Қазіргі уақытта кедергі жойылды және мәселе толығымен шешілді, деді агенттік өкілі.

Сот актілерін талдау барысында бизнес үшін қолдан кедергілер жасаудағы жүйелі проблемалар анықталды. Бұл туралы бүгін ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов айтты.

«Бұл тізімге енгізуде ең көп тараған негіз келісімшарт жасасудан жалтару болды. Бұл барлық істердің шамамен 60%. Бұл ретте портал 6 жұмыс күні ішінде келісімшартқа қол қою мерзімін бұзғаны үшін өнім берушіні тізілімге автоматты түрде енгізеді. Мұндай формальдылық бизнесті дамытуға кедергі болды», – деді спикер.

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілінің айтуынша, өткен жылы мұндай шешімдерге жеткізушілер сот тәртібімен жүгінген. Келісімшарт жасасу кезінде кәсіпкердің өзінің кінәсі бола бермейтіні анықталды. Объективті себептер (ауырып қалу) қаралған істердің 46%-ын құрайды. Сондай-ақ, бизнесті жүргізу кедергілеріне немқұрайлық немесе уәкілетті органның жауапты тұлғасының өңірде болмауы, тосын жағдайлар жатады. Осы себепті сот кәсіпкерлердің талаптарының көп бөлігін (76,7%) қанағаттандырған.

«Агенттік Қаржы министрлігіне бұл критерийді тізілімнен алып тастауды ұсынды. Оның орнына, келісімшарт жасасудан жалтарған жағдайда айыппұл санкцияларын қолдануды ұсынамыз», – деді спикер.

 Қазір ұсыныс әзірленіп жатқан «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы аясында қарастырылуда және бұл норма алынып тасталады, деп сендірді ол.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта «екі күн» ережесін енгізу мәселесі пысықталуда. Оның мәні – бизнестің мүдделерін қорғайтын жаңа заңнаманың күшіне ене бастауының жалпы күнінің қабылдануында. Мұндай стандарттар дамыған елдердің көпшілігінде қолданылады. Мысалы, Ұлыбританияда мұндай күндерге 1 маусым мен 1 қараша жатады.

Саян Ахметжанов бизнесмендердің әрдайым жаңа заңнамаға, оның өзгерістеріне ілесе бермейтінін түсіндірді. Мәселен, 7 жыл ішінде (2016 жылдан бастап) Кәсіпкерлік кодексіне 96 рет өзгеріс енгізілген. 6 жыл ішінде Салық кодексі 50 рет өзгеріске ұшыраған.

«Нәтижесінде кәсіпкерлердің заңнаманың жаңа талаптарын білмей, заңды бұзып, жауапқа тартылу қаупі бар. Егер 2015 жылы 235 мың бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2020 жылы 445 мың адам тартылған», – деді спикер.

БӨЛІСУ

Designed using Hoot Business. Powered by WordPress.